• 24 ноября, 2025 8:41 дп

Сандық кеңістіктегі Түркі дүниесі: Бірыңғай ақпараттық платформа

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Цифрлық дәуірде түркі әлемінің дауысы мен бірлігін нығайту маңызды. «Тілі бірдің – жүрегі бір» деген сөз дәл осы кезеңге сай келеді: біз рухани және тілдік бірлікті цифрлық кеңістікте де көрсетуіміз керек. Бұл туралы Қырғызстан Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташев Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбына VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында айтты.

«Қазіргі заманда ақпаратты жылдам және сенімді тарататындар халықаралық сахнада ықпалға ие болады. Сондықтан бірыңғай түркі ақпараттық алаң құру – тек технологиялық жоба емес, мәдени және идеологиялық қауіпсіздіктің кепілі.

Оның негізгі бағыттарын атауға болады.  Біртұтас ақпарат кеңістігі: Түркі елдерінің жаңалықтарын біріктіріп, ортақ ақпарат ағынын жасау. Тілдік бірлік: Бірыңғай контент саясаты, автоматты аударма жүйелері мен ортақ порталдар арқылы тілдерімізді цифрлық платформаларда бірдей қолдану. Бірыңғай ақпарат агенттігі: «TurkMediaHub» сияқты ортақ агенттік құру арқылы жаңалықтарды жинақтап, әлемге тарату. Жас журналистерге арналған сандық академия: Болашақ ұрпақты цифрлық журналистикаға үйрететін ортақ білім алаңы», –  Қырғызстан Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташев.

Спикердің сөзінше, цифрлық кеңістік – жаңа алаң. Түркі дүниесінің цифрлық тарихын бүгіннен бастап бірге жазу – біздің ортақ міндетіміз. Қырғызстан Журналистер одағы бірлесіп жобалар жасауға дайын. Мақсат – әлемге бір түркі әлемі, бір ақпарат дауысы, бір рухани күш ретінде танылу.

Айта кетейік, медиа форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен БАҚ басшылары, журналистер, депутаттар, медиа саласындағы ҮЕҰ басшылары, Қоғам қайраткерлері, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері т.б. қатысты.

Автор: admin