• 23 февраля, 2026 10:23 пп

Сайрамда өткен ақсақалдар отырысы қоғамдағы бірлікті арттырды

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлік – мемлекеттің дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығының негізі болып саналады. Сондықтан осы бағыттағы маңызды қадам ретінде, бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІV тоқсандық отырысы өткізілді.

Бұл кездесудің басты мақсаты – аудан тұрғындары арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық жауапкершілікті арттыру болып табылады. Сонымен қатар, жиында қоғамдағы тәртіп пен заңға құрмет мәселелері жан-жақты талқыланып, қатысушылар арасында ой-пікір алмасу жүргізілді.

Отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Айтбаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Мұрат Есалиев және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: Біріншісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІV тоқсандағы атқарған жұмыстары бойынша есеп беру; екіншісі – 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарын талқылау, алдағы міндеттерді нақтылау.

Отырыс барысында Базарбай Мамадиярұлы: «Біздің қоғамға тән бір ерекшелік – өзгеден қатаң тәртіпті талап ету, өзімізге келгенде босаңсу. Заң нормалары барлығына бірдей қолданылып, әрбір азамат тарапынан мүлтіксіз орындалуы тиіс. Өйткені заңға бағыну – қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің кепілі және азаматтық жауапкершіліктің көрінісі болып саналады. Сол себепті Заң мен тәртіпті сақтауды өзімізден бастауымыз қажет. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайту – әрқайсымыздың басты міндетіміз» – деп атап өтті.

Аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Алжан Райымбердиев: «Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақ пен жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Ол белгілі бір топтың, ұжымның немесе халықтың мақсаттары мен мүдделерінің тоғысынан туындайды» – деп ойымен бөлісті. Ауданның бас имамы Арыстан Оспанов өз сөзінде: «Адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш – адам бойындағы адамгершілік, ізгілік пен кісілік қасиет» – деп пікір білдірді.

Кездесу барысында ақсақалдар ел игілігі үшін жасалатын жұмыстарға ақ баталарын беріп, жас буын мен қоғам өкілдеріне тәлім-тәрбие сөздерін жеткізді. Мұндай кездесулер жастарға үлгі болып, олардың бойына қоғамдық жауапкершілік пен патриоттық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ этносаралық татулық пен бірлікті сақтау маңызын түсіндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастарды ұлтқа деген сүйіспеншілікке, өзара сыйластыққа тәрбиелеп, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау жолында саналы қадам жасауға үндейді.

Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІV тоқсандық отырысы – қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды шара болып, аудан тұрғындарының бірлігін сақтауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыруға үлкен үлес қосады. Бұл кездесу азаматтардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, бірлікті нығайтуға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау қажеттілігін түсіндіруінде маңызды көрініс табады. Сондай-ақ мұндай жиындар тек қазіргі қоғам үшін ғана емес, келешек ұрпаққа аманат болатын құндылықтарды қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin