• 14 декабря, 2025 7:26 пп

Сайрамда Аналар кеңесі ұлт бірлігін бекемдеуге бағытталған жиын өткізді

Автор:admin

Ноя 23, 2025

Қоғамның берік іргетасы – өнегелі отбасы, саналы ұрпақ және тағылымы мол тәрбие. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесінде аналардың рөлі ерекше. Ананың жүрегіндегі мейірім, бойындағы парасат пен даналық – ұлт болашағын қалыптастыратын құндылықтардың бастауы. Қазақ қоғамында аналар әрдайым ұлт бірлігін нығайтушы, отбасы тәрбиесінің негізгі ұстазы, ұлттық дәстүрді сақтаушы ретінде бағаланып келген. Сол себепті бүгінгі заманның өзгермелі үдерістерінде отбасы құндылықтарын жаңғыртып, жастардың бойына дұрыс тәрбие дарыту – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі еліміздің түрлі өңірлерінде тәрбиелік мәні жоғары кездесулер, отырыстар мен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің мәжіліс залында «Аналар даналығы – тәрбиенің алтын қазығы» атты аудандық Аналар кеңесінің IV тоқсандық отырысы өтті. Отырыс ата-ана жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейтуге бағытталды.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Абзелова және этнос жастары қатысты. Бұл – отырыстың аудан көлемінде кең қолдауға ие болғанын, тәрбие мәселесінің баршаға ортақ екендігін көрсетті.

Күн тәртібінде Аналар кеңесінің IV тоқсанда атқарған жұмыстары туралы есебі, 2026 жылға арналған іс-шара жоспарын талқылау, бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары сияқты негізгі үш негізгі мәселе қаралды.

Бұл ретте қатысушылар тәрбие саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын бастамалар бойынша пікір алмасып отырды.

Ұлпан Абзелова өз сөзінде қазақ халқының қыз балаға ерекше мән бергенін тілге тиек етті. «Қыз – қонақ» деп төрден орын беруі, оның тәрбиесін ұлт тәрбиесімен ұштастыруы бекер емес. Ол қыз тәрбиесінің ұлт болашағына тікелей әсер ететінін, парасатты, көргенді қыз – берекелі отбасының тірегі, ынтымақтың бастауы екенін атап өтті.

Ал отырыс барысында сөз алған ауданның бас имамы Арыстан Оспанов: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығының мәнін ашып, ұлттық құндылықтардың негізі отбасында қаланатынын айтты. Ер азаматтың намысы, қыз баланың инабаттылығы, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық – барлығы ата-ананың үлгісімен қалыптасатынын атап өтті. Сонымен қатар ол ұлттық бірегейлікті сақтау – ел дамуының кепілі екенін ерекше атап өтті.

Базарбай Мамадиярұлы өз сөзінде қазіргі жастар арасында құмар ойындарға әуес болу, зиянды ортаның әсеріне түсу сияқты мәселелердің жиі кездесіп жатқанын алға тартты. Осы ретте ата-ана баласын тек моральдік құндылықтармен сусындатып қана қоймай, оның психологиялық, физикалық және әлеуметтік дамуына да айрықша көңіл бөлуі қажет екенін айтты. Отбасындағы әрбір тәрбие үлгісі – болашақ азаматтың тұлғалық қалыптасуына әсер ететінін жеткізді.

«Аналар даналығы – тәрбиенің алтын қазығы» атты бұл отырыс – ұрпақ тәрбиесіне қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейтетін, ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтатын маңызды алаң болды. Мұндай басқосулар жас ұрпаққа дұрыс бағдар беріп, ата-аналардың тәрбие саласындағы рөлін күшейтіп қана қоймай, ұлттық рух пен бірлік идеясын нығайтуға үлес қосады. Аналар кеңесінің жүйелі жұмысы – қоғамдағы татулықты сақтау мен ел болашағын жарқын етуге бағытталған игі бастамалардың бірі екені сөзсіз.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin