• 17 декабря, 2025 6:09 дп

Сайрам ауданында татулық пен келісімді сақтауға арналған көшпелі отырыс өтті

Автор:admin

Ноя 16, 2025

Қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық – ғасырлар бойы халқымыздың ұстанған бағыт-бағдары, ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры, елдік мүдденің негізі, қоғамдық тұрақтылықтың кепілі, рухани үйлесім мен адамгершілік қағидаттарының айқын көрінісі. Әсіресе этностық құрамы бай, мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани болмысы бай аудандардың бірі – Сайрам ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аудандағы барлық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен түрлі мәдени іс-шаралар, ынтымақтастық кездесулері, қоғамдық келісімге бағытталған семинарлар мен дәрістер өтеді. Жастардың бойына өзара сыйластық пен бейбітшілік құндылықтарын дарыту мақсатында білім беру ұйымдарында ашық сабақтар, пікірталас алаңдары мен патриоттық жобалар ұдайы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестері ел ішіндегі бірлікті арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбиені нығайту бағытында тұрақты түрде бас қосып, түрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Осындай жемісті жұмыстардың жалғасы ретінде Ақсукент ауылында орналасқан Е. Сарманов атындағы агроэкономикалық колледж бен «Ардақты ана» музейінің мәжіліс залында «Татулық пен келісім – халық даналығының мәңгілік аманаты» атты көшпелі отырыс өтті.

Кездесудің негізгі көздеген мақсаты – қоғамдық келісім идеясын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақ арасында адалдық, азаматтық жауапкершілік және отансүйгіштік сезімін нығайту.

Аталған іс-шараға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Файзиев Нұржан Сапарханұлы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Б. Айтбаев, аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А. Қабылбеков, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен Ассамблея жанындағы түрлі құрылымдардың мүшелері қатысты.

Басқосу барысында Нұржан Сапарханұлы ел ішіндегі бірлік, заңға құрмет, қоғамдық тұрақтылық және азаматтық жауапкершіліктің маңызы жөнінде мазмұнды пікір қозғады. Ол татулықтың сырттан келмейтінін, оның әрбір азаматтың сана-сезімінен, отбасы тәрбиесінен және қоғамға деген құрметінен басталатынын тілге тиек етті. Сондықтан әрбір отбасы мен әрбір адам өз әрекетімен қоғамдағы бірліктің сақталуына үлес қосуы тиіс екені баса айтылды.

Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, ұлтаралық түсіністікті тереңдету және түрлі этностар арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау – бүгінгі күннің басты талабы екені айтылды.

Жиынға қатысушылар Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлкен ықпал етіп отырғанын жеткізді. Этносаралық келісімге бағытталған осындай кездесулер халықтың бірлігін арттырып қана қоймай, жастарға үлгі көрсетіп, олардың санасына бейбітшілік пен татулық идеясын сіңіруге мүмкіндік береді.

Бұл көшпелі отырыс қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Осындай басқосулар адамдар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттырып, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға оң әсерін тигізеді. Кездесудің берер пайдасы – елдік мүдде жолында бірлесіп әрекет етудің маңызын ашу, этносаралық мәдени байланысты күшейту және жас буынды бірлік пен келісім рухында тәрбиелеу. Сонымен қатар, осындай шаралар қоғамдық ортаның бірлігін нығайтып, түрлі этностар арасындағы сенім мен өзара қолдауды арттыруға мүмкіндік береді. Татулық – тек бүгіннің ғана емес, келешек ұрпаққа аманат етер ең құнды байлық екені тағы бір мәрте айқындалды.

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin