• 23 января, 2026 6:35 пп

Президент Қысқы Олимпиада ойындары мен Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды

Автор:admin

Янв 23, 2026

 

Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзінің ең мықты спортшылары бақ сынайтын Италиядағы XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы айрықша маңызды оқиға деп атады.

– Олимпиада ойындарына 40-қа жуық спортшымыз қатысады. Олар спорттың 10 түрінен жарысқа түседі. Ұлттық құрама мүшелерінің жартысынан көбі Олимпиадаға алғаш рет бара жатыр. Жаһандық бәсеке сіздер үшін зор мүмкіндік әрі үлкен сынақ болмақ. Қысқы Олимпиадаға жолдама алу үшін спортшыларымыз көптеген белестен өтті. Түрлі халықаралық жарыста табысты өнер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медальға ие болды. Сонымен бірге біз Паралимпиада ойындарында ел абыройын қорғайтын спортшыларымызға зор сенім артамыз. Паралимпиадашылардың ерекше құлшынысы және мықты ерік-жігері көпке үлгі. Наурыз айының басында Италияда өтетін Паралимпиада ойындарына әзірге 10 лицензия алдық. Лицензия саны әлі де көбеюі мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге қазақстандық спортшылар тыңғылықты дайындалғанына тоқталып, Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында шын мықтылар күш сынасатынын айтты.

– Әрине, спортта жеңісті болжау мүмкін емес. Бірақ Сіздер қатаң іріктеулерден сүрінбей өтіп, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына мүше болдыңыздар. Осының өзі, Сіздердің әлеуеттеріңізді, жеңіске деген ұмтылыстарыңызды танытады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері спортшыларымыз Қысқы Олимпиада ойындарында шеберлік танытып, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көріне білді. Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сияқты Олимпиада жүлдегерлерінің есімдері отандық спорт тарихына алтын әріптермен жазылды. Әлемдік спорттағы ірі ареналарда топ жарған отандық атлеттердің құрметіне талай рет Әнұран шырқалып, еліміздің Туы көкте желбіреді. Алдағы уақытта да жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Жақында Ұлттық құрылтай отырысында атап өткенімдей, спорттағы жетістіктер тұтас еліміздің мәртебесін көтеріп, жалпыұлттық бірлікті және Қазақстан Республикасының қазіргі әлемдегі беделін нығайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Автор: admin