• 25.08.2026 17:40

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Автор:jsk.kz

Авг 25, 2026

 

Мемлекет басшысы шалғай елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында.

Сарыағаш ауданында тұрғындарды тұрақты әрі сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Елді мекендерге су құбырларын тарту және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.

Осы жұмыстардың барысын бақылау мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар ауыз су нысандарын аралады.

Алдымен аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге Ақжар ауыл округіне қарасты Ақжар елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты. Жоба 2025 жылдың тамыз айында басталған. Бас мердігер – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, тапсырыс беруші – Сарыағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Жобаның жалпы құны 1 843,794 млн теңгені құрайды. Нысанның қуаты тәулігіне 327,431 текше метр. Жоба толық іске қосылғанда Ақжар елді мекеніндегі 1 040 жеке тұрғын үй орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Қазіргі таңда су қоймасын қоршау, ауыз су желілерін тарту және су құдықшаларын орнату жұмыстары атқарылуда. Жоба аясында диаметрі 110, 160, 63 және 20 миллиметр болатын су құбырларын жүргізу қарастырылған.

Бұдан кейін Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш қаласындағы «Самал-3» шағынауданын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жұмысын тексерді. Жалпы құны 4 550, 033 млн теңгені құрайтын жобаны биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Су құбырларын тарту жұмыстарының 60 пайызы орындалды. Қазіргі уақытта диаметрі 110, 160, 180, 225, 250 және 280 мм болатын су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су қоймасын салу барысында көлемі 2000 м³ су қоймасының бетондау жұмыстары толық аяқталды. Тексеру жұмыстары жүргізілді. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Жоба нәтижесінде жалпы 3021 тұрғын үйді орталық ауыз су жүйесіне қосу жоспарланған.

Жұмыс сапары Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақүй елді мекенінде жалғасты. Мұндағы ауыз су нысанының құрылысы аяқталып, 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Бас мердігер – «FS Development Group» ЖШС. Бүгінде 100 пайыз ауыз су құбыры тартылып, су құдықшалары орнатылған. Су қоймасы аумағында жалпы сыйымдылығы 600 текше метр болатын екі су қоймасы салынып, аумағы қоршалған және екінші деңгейлі сорғы станциясы бой көтерген. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес тереңдігі 950 метр болатын екі су ұңғымасы қазылған. Бүгінде екі дана ұңғыманың бір данасын алып тастау арқылы қосымша Алғабас елді мекенінен диаметрі 200 мм болатын ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 4,45 шақырымды құрайтын екі дана су құбыры тартылды. Аталған құбыр арқылы Ақүй елді мекеніне ауыз су жіберіліп, құбырларға ауамен қысымдау жұмыстары жүргізіліп, тексерілген.

Одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Жылға ауылдық округіне қарасты Жылға елді мекеніндегі ауыз сумен қамту жағдайын зерделеді. Мұнда құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары жүргізіліп, нысан 2025 жылдың 26 желтоқсанында пайдалануға берілген. Жоба аясында 104,8 шақырым су құбыры тартылып, нәтижесінде 5990 халық ауыз су жүйесімен қамтылды.

Қазіргі таңда жер асты сулары деңгейінің төмендеуіне және жаз мезгілінде су тұтыну көлемінің артуына байланысты елді мекенге ауыз су кесте бойынша беріліп отыр. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан кестемен ауыз су берілетін елді мекендерді тәулігіне 24 сағат сумен қамтамасыз етуге бағытталған Жол картасы бекітілді. Құжатқа сәйкес елді мекеннің ауыз су жүйесін «Р-1» магистралды су құбырына қосу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттерге ұсыныс енгізіледі.

Жұмыс сапары Жылға ауылдық округіне қарасты Шеңгелді елді мекенінде аяқталды. Елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс нысанына 2025 жылы тиісті қаржы қаралған. Бас мердігер – «FS Development Group» ЖШС. Жоба іске қосылғаннан кейін 300-ден астам тұрғын үй таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жоба бойынша 63,4 шақырым су құбырын тарту және 162 су құдықшасын орнату көзделген. Бүгінде құрылыс нысанында 60 метр су ұңғымасы қазылды. Сондай-ақ ауыз су құбырлары толығымен тартылды және 150 дана су құдықшалары орнатылды. Су қоймасы орны нақтыланып, құрылыс жұмыстары басталады.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен орындалу қарқынын бақылаған Зұлпыхар Сансызбайұлы мердігер мекеме өкілдері мен сала мамандарына жұмысты өндірістік-күнтізбелік жоспарға сәйкес қарқынды жүргізіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды, сондай-ақ жобалық және техникалық талаптарды қатаң сақтауды және ауыз су мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

Автор: jsk.kz