• 14 декабря, 2025 7:36 пп

Отырарлық оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы сайыста білімдерін сынады

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Ұлттың қауіпсіздігі мен елдің тұрақты дамуы ең алдымен қоғамдағы әділдік, ашықтық және адалдық қағидаттарының берік орнатылуына байланысты. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою, оған қарсы қоғамдық төзімділікті қалыптастыру. Бұл бағытта жастардың алатын орны айрықша, өйткені жас ұрпақтың бойына парасаттылық, жауапкершілік және заңға құрмет сезімін сіңіру – болашақтың қауіпсіздігіне салынған берік негіз саналады. Отырар ауданында осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу жүйелі түрде жалғасуда. Ауданда жыл сайын жастар арасында адалдық идеологиясын нығайтуға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіліп келеді. Солардың бірі – «Адал ұрпақ» интелектуалды сайысы жас буынның азаматтық белсенділігін арттыру, отырарлық жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тарту, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттау мақсатында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Шара Отырар аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылды. Сайысқа аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының белсенді жастары қатысып, өз білімдерін, өмірлік ұстанымдарын және адалдыққа деген көзқарастарын ортаға салды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында адалдық пен парасаттылықты дәріптеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, логикалық ойлау, шешендік және талдау дағдыларын дамытуға бағытталды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының жауапкершілігін арттырып, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын ұрпақ тәрбиелеу де басты назарда болды.

Сайыс бекітілген ережеге сәйкес 5 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалар атауы мен ұрандарын таныстырып, өздерінің адалдыққа қатысты көзқарастарын білдірді.

«Білімді мыңды жығады» кезеңінде қатысушылар Қазақстан тарихы, заңнама, ұлттық құндылықтар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға байланысты сұрақтарға жауап берді. «Ситуациялық тапсырма» бөлімінде түрлі өмірлік жағдайлар ұсынылып, оның ішінен адалдық жолын таңдау арқылы мәселеден шығу тәсілдері көрсетілді. «Кім жылдам» кезеңінде зейін, ой жылдамдығы және нақты жауап беру қабілеті сыналды. «Капитандар сайысы» команда жетекшілерінің тапқырлығын, білімін және логикалық ойлауын бағалайтын тартысты кезең болды.

Сайысқа Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалымжан Сарсеков, «Отырар алқабы» газетінің тілшісі Шолпан Дүтбаева және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» бірлестігінің өкілі Насипа Нуритдинова қазылық етіп, әділ бағаларын берді. Ойын нәтижесінде І орынды «Адал жүрек», ІІ орынды «Жәнібеков жастары», ІІІ орынды «Дамушы ұрпақ» командалары жеңіп алды. Ал «Сенім», «Адалдық ардың ісі», «Әділет», «Адал Алаш» командалары белсенділігі үшін марапатталды.

Ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында мұндай сайыстардан бөлек, жыл бойы бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіледі. Мектептерде «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» клубтары тұрақты жұмыс істейді, семинар-тренингтер, пікірталас алаңдары, сынып сағаттары, құқықтық сауаттылық апталықтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерде ашықтықты арттыру мақсатында «Ашық есік» күндері, қоғамдық қабылдаулар және цифрландыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы ауданда парасаттылық идеологиясын нығайтып, жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға, жастардың ой-өрісін кеңейтуге, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық сауаттылықты арттыруға және әділдік қағидатын дәріптеуге бағытталған.

Отырар ауданында өткізілген «Адал ұрпақ» интелектуалды сайысы – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты саналатын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ісіне елеулі үлес қосып отыр. Мұндай шаралар болашақта жас буынның бойында жауапкершілік, әділдік және елжандылық қасиеттерін қалыптастырып қана қоймай, аудан көлемінде парасаттылық ортасын қалыптастыруға ықпал етеді. Адал ұрпақ тәрбиелеу – ұлттық қауіпсіздіктің және ел болашағының кепілі екені анық.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin