• 14 декабря, 2025 7:26 пп

Отырарлық жасөспірімдерге зорлық-зомбылыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Автор:admin

Ноя 20, 2025

Қазіргі кезеңде қоғамда жүріп жатқан жылдам өзгерістер, ақпараттық технологиялардың кең қанат жаюы және әлеуметтік желілердің ықпалы жасөспірімдердің көзқарасы мен мінез-құлқына елеулі әсер етуде. Мұндай жағдайда баланың тұлға болып қалыптасуы тек мектептің ғана емес, отбасының, құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Жасөспірім тәрбиесі – жан-жақты қолдауды қажет ететін күрделі әрі жауапты жұмыс.

Осы орайда, Отырар ауданында жас буынды қолайлы және қауіпсіз ортада тәрбиелеу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мектептерде құқықтық мәдениетті арттыруға арналған семинарлар, психологиялық кеңестер, әлеуметтік-профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып, оқушылардың бойында жауапкершілік, тәртіптілік және рухани тұрақтылық дағдылары қалыптастырылуда.

Осы мақсатта Түркістан облыстық прокуратураның «Қауіпсіз балалық шақ!» жобасы аясында Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде кең көлемді кездесу өткізілді. Кездесуге Отырар аудандық Полиция бөлімінің ҚҚБ ЮПТ инспекторы Д. Ерденова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М. Ахметов, АӘД жетекшісі Ш. Төлімбетов және педагог-психолог Ұ. Мәуленқұловалар қатысып, 7–11-сынып оқушыларына маңызды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиынның негізгі тақырыптары – кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, интернет желісіндегі жат ағымдардың арнайы сайттарына кірмеу жолдары, құқық бұзушылықтың салдары және ең бастысы – зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің алдын алу мәселелері болды.

Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру, патриоттық рухын күшейту және қауіпсіз, мейірімді мектеп ортасын орнықтыру. Мамандар оқушыларға қоғамда бейбіт қарым-қатынас орнатудың маңызын, өз әрекетіне жауапкершілікпен қараудың қажеттігін жан-жақты түсіндірді.

Әсіресе зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің зияны, олардың психологиялық және заңдық салдары кеңінен айтылды. Мектеп инспекторы нақты мысалдар келтіре отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың қандай ауыр нәтижелерге әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Кез келген зорлық-зомбылық әрекеті – адам құқықтарын бұзу ғана емес, баланың болашағына, психикалық дамуына және әлеуметтік әлеуетіне үлкен кедергі екені ерекше атап өтілді.

Жиында буллингке жол бермеу, өзара сыйластықты арттыру, қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру мәселелері терең талқыланып, оқушыларға өзін қорғау, қажет жағдайда жедел көмек сұрау жолдары көрсетілді.

Оқушылар пікірлерін ашық білдіріп, туындаған сұрақтарына толық жауап алды. Сонымен қатар шара барысында мамандар оқушыларға өзара түсіністік пен сыйластықтың мектептегі жалпы атмосфераға тікелей әсер ететінін түсіндірді. Әрбір жасөспірімнің қауіпсіз ортада білім алуы – оның тұлғалық дамуының негізгі шарты екені атап өтілді. Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі тек жәбірленушіге ғана емес, бүкіл ұжымның психологиялық ахуалына кері әсер ететіні айтылды. Сондықтан балаларға бір-бірін қолдау, қиындық туындағанда ересектерге жүгіну, дұрыс шешім қабылдауға үйрену қажеттілігі кеңінен түсіндірілді. Бұл қосымша ақпарат оқушылардың өзін-өзі қорғау дағдыларын күшейтіп, мектептегі жағымды ортаны сақтауға деген жауапкершілігін арттыра түсті.

Өткізілген шара жасөспірімдердің қоғамдағы орнын түсініп, дұрыс мінез-құлық қалыптастыруына, қандай да бір зорлық әрекетіне жол бермеуге және қауіпсіз ортада тәрбиеленуге зор ықпал етті.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin