• 14 декабря, 2025 10:47 пп

Отырар ауданында жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары жүйелі қолға алынуда

Автор:admin

Ноя 26, 2025

«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн: белсенді әрекет» акциясы – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі саналатын отбасылық зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасындағы буллинг пен кибербуллингке қарсы күресте маңызды рөл атқаратын халықаралық бастама. Отырар ауданында  аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде қолға алынып, мектептерде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер қоғамдағы қауіп-қатерлерді дер кезінде тануы, өз құқықтарын қорғауы және қажет болған жағдайда тиісті органдарға жүгіну дағдыларын меңгеруі үшін құқық қорғау органдарының тәжірибесі мен психологиялық қолдауы ерекше маңызды.

Осы мақсатта Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылған жиынға Отырар аудандық полиция бөлімі құқық қорғау бөлімі учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты А. Қыстаубай, Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Әдемі Маханбетжан, «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Өсербай Мөлдір, аудандық полиция бөлімі құқық қорғау бөлімі және Әкімшілік заңнаманы жүзеге асыру тобы Құқық қорғау бөлімі инспекторы полиция лейтенанты Сейілбек Нұрдәулет, аудандық полиция бөлімі Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес топтарының инспекторы. полиция лейтенанты М.А. Зияев, аудандық полиция бөлімі құқық қорғау бөлімі ювеналды полиция тобының полиция капитаны Б.Қапалбайұлы қатысты. Кездесуге 9-11 сынып оқушылары белсенді түрде қатысып, өздерін толғандыратын сұрақтарды анонимді түрде жолдады.

Жасөспірімдерге құқықтық білім беру – олардың өзін-өзі қорғау қабілетін қалыптастыруға, қауіп-қатерді алдын ала тануға және заңды бұзбай қиын жағдайдан шығудың жолдарын білуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, құқық қорғау органдары саласының мамандары мектеп жасындағы балаларға құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңыздылығын түсіндіруде шешуші рөл атқарады. Жалпы полиция қызметкерлері мен психолог мамандардың қатысуымен өткізілген кездесулер нақты өмірлік мысалдар мен тәжірибелік кеңестерді ұсыну арқылы оқушылардың құқықтық түсінігін кеңейтеді, олардың құқықтарын қорғауға деген сенімін арттырады. Бұл өз кезегінде мектептегі қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және жасөспірімдердің жеке дамуына оң әсерін тигізеді.

Кездесу барысында оқушыларға отбасылық зорлық-зомбылықтың түрлі түрлері, кикілжіңдерді шешу жолдары, отбасылық қақтығыстардан туындаған мәселелерді шешу стратегиялары, зорлық-зомбылық әрекеттері орын алған немесе куә болған жағдайда жасалатын нақты іс-әрекеттер жайлы жан-жақты түсінік берілді. Сонымен қатар, оқушыларға қайда және қандай байланыс нөмірлері арқылы көмек сұрауға болатыны туралы ақпарат ұсынылды. Бұл ақпарат жасөспірімдердің өздерін немесе жақындарын қорғау үшін құқық қорғау органдарына сенімді түрде жүгіну дағдыларын қалыптастыруда шешуші мәнге ие.

Жиынның соңында мамандар оқушылардан анонимді түрде алынған сұрақтарды жинақтап, талдау жұмыстарын жүргізді. Бұл тәсіл оқушыларға әлеуметтік ортаға қатысты ой-пікірін еркін білдіруге және жеке мәселелерін жасырмай талқылауға жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, оқушылардың психологиялық ахуалын бағалау, олардың қауіп-қатерге төзімділігін арттыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында нақты ұсыныстар білдіруіне мүмкіндік береді. Осындай шаралар мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді қарым-қатынасты бекемдеп, жасөспірімдердің психологиялық және құқықтық тұрғыдан қорғалуына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн: белсенді әрекет» акциясы аясында өткізілген жиын жасөспірімдер үшін маңызды тәжірибе болып, оларды құқықтық сауаттылыққа, қауіпсіздік мәдениетіне және жауапкершілікке тәрбиелеудің тиімді жолы ретінде бағаланады. Отырар ауданында бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүргізілуі жас ұрпақты құқықтық біліммен қаруландырып, олардың қоғамдағы қауіпсіздікке жауапты көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар, осындай кездесулер мектеп қабырғасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды жүйелі түрде ұйымдастыруға, жасөспірімдерге қауіпсіздікті сақтаудың тәжірибелік дағдыларын түсіндіруге және олардың психологиялық тұрғыдан қолдау табуына жол ашады. Бұл шаралар жас ұрпақты құқықтық сауаттылыққа, қауіпсіз өмір сүру мәдениетіне, және қоғамдық жауапкершілікке баулудың маңызды құралы саналады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin