• 14 декабря, 2025 7:36 пп

Отырар ауданында білім мен діни сауаттылықты сабақтастырған семинар өтті

Автор:admin

Ноя 24, 2025

Көне дәстүрімен, рухани бай мұрасымен ерекшеленетін қасиетті өңір – Отырар ауданында қоғамдық келісім мен діни тұрақтылықты сақтау мәселесі әрдайым назарға алынған. Мұнда тұрғындардың рухани білімін арттыру, жастарды адамгершілікке, толеранттылыққа тәрбиелеу, діни экстремизмге қарсы мәдени сана қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Себебі әрбір қоғамның берекесі мен тұрақтылығы білім мен дұрыс көзқарасқа негізделген саналы азаматтарға тікелей байланысты. Отырарлықтар үшін діни сауаттылық – тек жеке адамның рухани дамуы емес, сонымен қатар отбасы мен қоғам арасындағы үйлесімділіктің басты кепілі саналады. Осы орайда, білім беру мен діни тәрбие мәселесіне ерекше мән беріледі, жастардың ой-санасына діннің қоғамдағы орны мен адамгершілік құндылықтарды сіңіру маңызды міндет ретінде қойылады.
Осы орайда, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаймурзаев Еркебұлан Әбдіхалықұлы және Халықаралық туризм және меймандостық университеті Ғылыми зерттеу орталығының басшысы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Абдрасилов Тұрғанбай Құрманбайұлының қатысуымен «Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың діни білімін арттыру» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен жас ұрпақ арасында діни тұрақтылықты, келісімді және толерантты қарым-қатынасты қалыптастыру, қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталды.
Жиынға ауыл тұрғындары, жастар, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинар барысында діни сауаттылықтың мәні, білім беру жүйесіндегі зайырлылық қағидаттары, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жолдары және ұлттық рухты көтеретін құндылықтар тақырыптары кеңінен талқыланды. Спикерлер нақты мысалдар арқылы жастарды имандылыққа, адамгершілікке және ұлттық санаға тәрбиелеудің маңызын түсіндіріп, діннің қоғамдағы орны, әлеуметтік өмірдегі рөлі жайында жан-жақты ақпарат берді. Қатысушылар қазіргі қоғамда діни ақпараттық қауіпсіздіктің, дұрыс түсіндірілмеген діни мәліметтердің теріс салдарының алдын алу қажеттілігін атап өтті.
Кездесуде қазіргі жастарды рухани, мәдени және моральдық тұрғыдан саналы өмірге баулу мәселесі де қозғалды. Спикерлер жастарға діннің негізгі қағидалары мен құндылықтарын дұрыс түсіндіру, қоғамда толеранттылықты сақтау, адамдар арасындағы сыйластық пен келісімді нығайту бағытында нақты ұсыныстар берді. Сонымен қатар, отбасы мен мектептің, қоғамдық ұйымдардың бірлескен әрекеті арқылы діни сауатты, адамгершілігі мол, келісімді қоғам қалыптастыруға болатындығы ерекше атап өтілді.
Қатысушылардың пікірі бойынша, діни тұрақтылық тек мемлекеттік органдардың немесе қоғамдық ұйымдардың міндеті ғана емес, әрбір жеке адамның өз бойында рухани мәдениетті қалыптастыруымен тікелей байланысты. Діни білімнің жетілуі жастардың, отбасының және қоғамның үйлесімді дамуына ықпал етеді.
Жиынның қорытындысында діни сауаттылықты арттыру – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды кепілі екенін атап өтті. Білім мен діннің үйлесімі арқылы жастарға адамгершілік пен ұлттық құндылықтар сіңірілуі олардың қоғамдағы белсенділігін арттырады, экстремизм мен қате діни түсініктердің алдын алады.
Осылайша, бүгінгі кездесудің нәтижесі – діни сауатты, толерантты және бірлікке ұмтылатын қоғам құруға бағытталған нақты қадамдардың бастамасы болды. Семинар жастар мен тұрғындардың санасына білім мен адамгершілік құндылықтарды сіңіру арқылы діни келісім мен тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin