• 14 декабря, 2025 7:27 пп

ОРДАБАСЫЛЫҚ АТЛЕТ — ИСЛАМ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ!

Автор:admin

Ноя 23, 2025

Ордабасы ауданының тумасы, ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл — еліміздің атлеттері арасындағы халықаралық аренадағы маңызды жеңіс болып есептеледі.

94 келіге дейінгі салмақта өткен жұлқа көтеру жаттығуында Нұрғиса 175 келіні бағындырып, әлем рекордшысы ирандық Алиреза Моейни мен түркиялық Хакан Курназды артта қалдырды. Бұл жеңіс жерлесіміздің қажырлы еңбегі мен табандылығының айқын дәлелі. Алда спортшы серпе көтеру және қоссайыс бойынша да жүлде үшін сынға түсетін болады.

Спорттағы жолы мен жетістіктері

Нұрғиса Әділетұлының спорттағы таланты ерте жасынан байқалды. 2019 жылы ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында төртінші орын, сол жылы Азия чемпионатында күміс медаль иеленді. Келесі жылы Азия жасөспірімдер чемпионатының жеңімпазы атанды.

2022 жылдың қазан айында Азия чемпионатында 96 келі салмақта 376 келі жалпы нәтиже көрсетіп, төртінші орын алды. Сол жылдың желтоқсанында әлем чемпионатында 96 келі салмақта 383 келімен күміс медальға ие болды.

2023 жылдың мамыр айында континентальды чемпионатта Қазақстанның атынан жалғыз алтын медаль жеңіп алды, алайда кейінірек ол медальдан айырылып, дисквалификацияланды.

2024 жылдың желтоқсанында Манама қаласында өткен әлем чемпионатында 96 келі салмақта 388 келі жалпы нәтиже көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, толқымен көтеру жаттығуында 214 келіге жетіп, кіші күміс медаль иеленді.

Ел намысын қорғау және жастарға үлгі

Нұрғиса Әділетұлының соңғы жеңісі — еліміздің спортшылары үшін үлкен мақтаныш. Оның табандылығы, қажырлы еңбегі және халықаралық аренадағы жеңістері жастарымызға спортқа деген қызығушылық пен ынтаны арттыруға үлгі болады.

Ордабасы ауданының тумасы өз елінің атын әлемдік деңгейде абыроймен шығарды, халықаралық жарыстарда Қазақстанның туын желбіретіп, атлеттеріміздің күш-жігерін паш етті. Алдағы додада Нұрғиса серпе көтеру мен қоссайыста да жаңа рекордтар мен медальдар үшін сынға түседі деп күтілуде.

Қазақстанның ауыр атлетика саласында өсіп келе жатқан бұл жас спортшының жетістігі — тек өзіне ғана емес, елге де үлкен мақтаныш әкелген жетістік. Ел намысын абыроймен қорғаған жерлесіміздің жеңісі барлық спорт сүйер қауым үшін зор мотивация болып, жас спортшылардың бойына жігер мен жітілік сыйлайды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin