• 14 декабря, 2025 7:27 пп

ОРДАБАСЫДА: ДИЛЛЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ ЖАҢА БӨЛІМШЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 23, 2025

Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Бүгін Шұбар ауыл округіне қарасты Тоқсансай елді мекені аумағында, транзиттік көлік дәлізі бойында орналасқан «Best Air Craft» ЖШС базасында шетелдік «FOTON» маркалы коммерциялық көліктерін сатумен айналысатын диллерлік компанияның жаңа бөлімшесі салтанатты түрде ашылды.

Бұл – ауданымыздың экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және көлік логистикасын жақсартуға бағытталған ерекше жоба. «FOTON» – әлемдік деңгейде танылған, сенімділігі жоғары, коммерциялық техника өндіретін компания. Жаңа бөлімше арқылы аудан тұрғындары мен кәсіпкерлеріне орта және ауыр жүк көліктері, түрлі сериядағы фургондар мен пикаптар қолжетімді болмақ.

Жоба тек көлік сатумен шектелмей, сервистік қызмет көрсетумен де толық қамтылған. Жүк көліктерін уақтылы жөндеу, техникалық қызмет көрсету, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету сияқты сервистер – жергілікті кәсіп иелеріне үлкен қолдау. Бұрын мұндай қызметтерді облыс орталығынан немесе өзге өңірлерден алуға тура келетін. Енді бұл қызметтер аудан ішінде көрсетілетін болады.

Диллерлік компания өкілдері жобаның маңызы мен келешегіне де тоқталды. Алғашқы кезеңде шетелден әкелінген дайын жүк көліктерін сатылымға шығару жоспарланып отыр. Ал екінші кезеңде Қазақстан аумағында жүк көліктерін құрастыру өндірісін жолға қою көзделген. Бұл – аудан экономикасы үшін жаңа индустриялық мүмкіндіктердің бастауы. Құрастыру ісі іске қосылса, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, Ордабасы ауданы өндірістік аймақ ретінде жаңа деңгейге көтеріледі деген сөз.

Жобаның транзиттік дәліз бойында орналасуы да – үлкен артықшылық. Көлік ағыны жоғары бұл аумақта сервис пен автокөлік саудасына сұраныс мол. Инфрақұрылымы дамыған орталықта мұндай бөлімшенің ашылуы – ауданның инвестициялық тартымдылығы артқанын көрсететін айқын дәлел.

Аудан басшылығы бұл жобаның өңір экономикасына оң әсер ететінін, кәсіпкерлікті дамытып, жергілікті бюджетке түсетін кірісті арттыратынын атап өтуде. Диллерлік компанияның келуі – Ордабасыда бизнестің жаңа бағыттарының қалыптасып жатқанын білдіреді.

Жаңа бөлімшенің ашылуы – тек бір кәсіпорынның іске қосылуы ғана емес, ауданның дамып, жаңарып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келе жатқанын айғақтайды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin