• Вт. Окт 13th, 2026

Опера өнерінің аңызына арналған кеш

Автор:jsk.kz

Авг 21, 2026

Шымкент қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханада қазақтың көрнекті опера әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Ермек Серкебаев – опера өнерінің дүлдүлі» атты әдеби-әуенді кеш өтті.
Рухани шараны Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Кештің мақсаты – қазақтың кәсіби опера өнерінің дамуына зор үлес қосқан әйгілі әншінің өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, кейінгі ұрпаққа өнер жолындағы өнегесін таныту.
Кеш барысында Ермек Серкебаевтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы сыр шертіліп, оның қазақ өнеріндегі орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар әншінің сахнадағы жарқын бейнесі мен ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесіне тоқталды.
Әдеби-әуенді кеш өнер тарланының рухани мұрасын ұлықтап, қазақ опера өнерінің тарихына қызығушылықты арттырған тағылымды шара болды.

Қазақ музыка өнерінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған тұлғалардың бірі – КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Ермек Серкебаев. Ол – отандық кәсіби опера өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, қазақ вокал мектебінің даңқын асырған бірегей талант иесі. Ермек Бекмұхамедұлының табиғи таланты, биік мәдениеті мен сахналық шеберлігі кейінгі ұрпақ үшін шынайы өнердің өлшемі мен өнегесі болып қала береді.

Ермек Серкебаев 1926 жылы Петропавл қаласында зиялылар отбасында дүниеге келген. Бала жасынан музыкаға жаны жақын болып өскен ол Алматы музыка училищесін, кейіннен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын вокал мамандығы бойынша бітірді.

1947 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі болып қабылданған ол 40 жылдан астам уақыт бойы осы сахнаның басты жұлдызы болды.

Ермек Серкебаевтың даусы – сұлу ырғақты, бархатты баритон еді. Ол өзінің әртістік дарыны мен мінсіз вокалдық техникасы арқылы еуропалық классиканы да, қазақ операсын да жаңа биікке көтерді. Ермек Серкебаевтың шығармашылығы – бұл қазақ мәдениетінің алтын қоры. Оның орындауындағы әндер мен романстар, опералық ариялар радио мен теледидар таспаларында сақталып, бүгінгі таңда да жас орындаушыларға таптырмас шеберлік мектебі болып табылады.

Ұлы әншінің өмір жолы мен мол мұрасын насихаттау – қазақтың кәсіби өнерінің тамырын тереңдету және болашақ ұрпаққа өнердегі биік талғам мен жауапкершілікті ұғындырудың төте жолы.

Автор: jsk.kz