• 15 декабря, 2025 11:42 пп

НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БІРЛІК

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Ордабасы ауданы бойынша жалпы білім беретін мектептерде “Заң мен тәртіп” қағидатын ілгерілету, жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында бірқатар түсіндіру кездесулері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі Қажымұқан ауыл округінде өткізілген “Бұзушылыққа тоқтам” және “Нашақорлыққа жол жоқ” атты кездесу болды.

Бұл шараға мектеп оқушылары мен ата-аналар қатысты. Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге есірткі мен психоактивті заттардың зиянды әсері туралы кеңінен ақпарат беріп, олардың болашаққа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған кеңестерді жеткізді. Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға дұрыс өмірлік құндылықтарды үйрету, сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы түсіндірілді.

Кездесудің негізгі мақсаттары: Жасөспірімдер мен ата-аналарды нашақорлықтың зияндылығы туралы ақпараттандыру, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтына баулу, жастарды психоактивті заттардан алшақ ұстауға шақыру.

Кездесудің міндеттері:

Нашақорлықтың қоғамға, денсаулыққа және психологиялық дамуға тигізетін зиянын нақты деректермен жеткізу;

Оқушыларға дұрыс таңдау жасауға, өмірлік құндылықтарын анықтауға көмектесу;

Ата-аналарға балаларының тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын түсіндіру.

Кездесуге Ордабасы аудандық прокуратурасының прокуроры Төлеметов Шыңғыс Қыдыралыұлы, Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Алимкулов Нуртас Курманович, сондай-ақ Ордабасы аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Көпбосын Ақтөре Садықұлы қатысып, нашақорлықтың алдын алу жолдары, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңызы туралы баяндады. Қатысушылар нақты өмірден алынған мысалдарды талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарына толық жауап алды.

Бұл кездесулердің басты нәтижесі – жасөспірімдер мен ата-аналардың есірткіге қарсы санасын қалыптастыру, салауатты өмір салтының маңызын түсіндіру және қауіпті әдеттерден алшақ болуға шақыру. Мамандардың айтуынша, мұндай түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізілсе, қоғамдағы нашақорлыққа қарсы бірлік пен жауапкершілік деңгейі артады.

Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі.

Өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін бірге әрекет етіп, зиянды әдеттердің алдын алайық!

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin