Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңда бірқатар маңызды өзгерістер көзделген. Жаңа нормалар мемлекеттік қызметті заманауи талаптарға бейімдеп, оның ашықтығы мен кәсібилігін арттыруға бағытталған.
Заңдағы негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік қызметтің халыққа бағдарланған моделін қалыптастыру. Азаматтардың өтініштерін қарауда формализмге жол бермеу, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, цифрлық сервистерді дамыту және бюрократиялық кедергілерді азайтуға ерекше мән берілген.
Сонымен қатар жастарды мемлекеттік қызметке тартуға басымдық беріліп отыр. Мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізіліп, жастарды мектеп қабырғасынан бастап кәсіби бағдарлау және мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру көзделген. Түркістан облысында да бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, жоғары оқу орындарымен бірлесіп «Жас мемлекеттік қызметші» мектебі ұйымдастырылған.
Мемлекеттік қызметке іріктеу процесі де толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Конкурстар «е-Qyzmet» жүйесі арқылы өткізіліп, конкурс мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартылады. Іріктеу барысында заңнаманы білу тесті, жеке қасиеттерді бағалау және лауазым ерекшелігіне қарай эссе, онлайн сұхбат немесе практикалық тапсырмалар қарастырылған.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына да жаңа мүмкіндіктер беріледі. Бір лауазым шеңберінде көлденеңінен өсу тетігі енгізіліп, қызметшінің біліктілігін арттыруы мен кәсіби дамуы жалақы деңгейіне әсер ететін болады. Сонымен қатар оқыту, тағылымдама және өзін-өзі дамыту нәтижелері мансаптық өсу кезінде ескеріледі.
Заңда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге де назар аударылған. Жалақыны индекстеу, қосымша ақылы демалыс күндерін беру, үстеме жұмыс үшін өтемақы төлеу, қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан жағдайда бірқатар төлемдер қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына қойылатын талаптар күшейтіліп, «мінсіз бедел» институты енгізілді. Бұл мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Жалпы, жаңа заң мемлекеттік қызметті халыққа жақын, ашық, цифрландырылған және кәсіби жүйеге айналдыруға бағытталған. Енгізіліп отырған өзгерістер мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби дамуға және әлеуметтік тұрғыдан қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаменті
