Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«Ауыл – экономиканың қозғаушы күші. Аграрлық секторды қолдау – стратегиялық міндет. Еңбекқор шаруалар мен кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасалса, ауылдың әлеуеті артып, ел экономикасы да өркендейді», – деп атап көрсеткен болатын.
Бұл сөздер ауыл кәсіпкерлерінің ынтасын арттырып, туған жерінің өркендеуіне үлес қосамын деген азаматтарға жаңа серпін беріп отыр.
Мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан түрлі жеңілдіктер мен бағдарламалар ауыл кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Әсіресе субсидия, жеңілдетілген несие, өндірістік кооперативтерді қолдау бағыттары өңірлерде агросектордың дамуына жаңа тыныс берді. Осындай қолдаудың игілігін көріп, өз ісін дамытып отырған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенінде жүйелі еңбек етіп, агроөндірістің өркендеуіне үлес қосып жүрген «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі.
Агрономия саласының маманы Елнұр Сайдазимов мемлекеттік бағдарлама аясындағы субсидияланатын жұмыс орындарын тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның бастамасымен ашылған жылыжай шаруашылығы бүгінде ауданның агросекторындағы табысты жобалардың біріне айналды. Кәсіпкер ауыл жастарына да мүмкіндік беріп, еңбекке баулып, кәсіби дағдыларын дамытуға жағдай жасап келеді.
Жылыжай кешенінде заманауи технологиялар мен табиғи тыңайтқыштарды қолдану арқылы жоғары сапалы, экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Мұнда лимон, мандарин, құлпынай, алма секілді сұранысқа ие жеміс-жидектер өсіріліп, жергілікті нарықты пайдалы әрі балғын өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе климатқа бейімделген лимон және құлпынай өсіру бағыты шаруашылықтың ерекшелігіне айналып, өнім көлемінің артуына септігін тигізуде.
Елнұр Сайдазимовтің табысты еңбегі – жаңашылдыққа ұмтылудың, мемлекеттік қолдауды мақсатты және тиімді пайдаланудың жарқын үлгісі. Тireн еңбек пен ізденістің арқасында кооператив аудан экономикасына елеулі үлес қосып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға себеп болып отыр.
Осылайша, мемлекет қолдауы мен жеке бастаманың ұштасуы ауыл шаруашылығында тың жобалардың жүзеге асуына және өңірдің дамуына зор серпін беріп келеді.
Сонымен қатар кооперативтің жұмысы тек өнім өндірумен шектелмейді. Ауыл тұрғындарына агротехника, тыңайтқыш қолдану, көшет отырғызу, өнімді көбейту әдістері бойынша тәжірибелік кеңестер беріліп келеді. Кәсіпкер жыл сайын жаңа дақыл түрлерін сынап, жылыжайдың тиімділігін арттыру бағытында ғылыми негізделген тәсілдерді қолдануда. Бұл тәсілдер өнім сапасының артуына, шығынның азаюына және еңбек өнімділігінің көтерілуіне ықпал етіп отыр. Осындай жаңашыл қадамдар Темірлан ауылындағы агробизнестің дамуына жол ашып, өзге шаруашылықтарға да үлгі болуда.
Бүгінде «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып отырған ірі шағын кәсіптің бірі саналады. Жергілікті өнімге сұраныс артып, тұрғындар табиғи әрі таза жеміс-жидектерді үздіксіз сатып алуда. Кәсіптің өркендеуі ауыл өмірінің жандануына, жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттік қолдау мен кәсіпкердің табанды еңбегі біріккенде ауылдың әлеуеті артып, өңірдің келешегі де көркее түсетіні анық.
Jsk ақпараттық агенттігі.
