• 30.06.2026 22:03

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПАРЛАМЕНТ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Автор:jsk.kz

Июн 30, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, еліміздің заң шығару органының отыз жылдан астам уақыттағы қызметіне, тарихи кезеңдердегі атқарған рөліне және алдағы мемлекеттік өзгерістерге тоқталды.

Президент атап өткендей, бүгінгі бірлескен отырыстың тарихи мәні ерекше. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылайтын маңызды кезең. Парламенттің кезекті сессиясы аяқталып, ел мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

Мемлекет басшысы ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енетінін атап өтіп, соған сәйкес мемлекеттік билік жүйесі де жаңа сипатқа ие болатынын айтты. Бұл өзгерістер елдегі тарихи сабақтастық пен мемлекеттіліктің үздіксіз дамуын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған тұңғыш кәсіби Парламенттің ел тарихындағы маңызды институттардың біріне айналғанын атап өтті. Жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық негіздерді қалыптастыруға және нарықтық экономиканы дамытуға елеулі үлес қосты.

Президенттің айтуынша, осы уақыт аралығында шамамен 3,5 мыңға жуық маңызды заң қабылданып, олардың әрбір оныншысына депутаттар бастамашы болған. Заң шығару жүйесінің қалыптасуына елімізге танымал саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері үлкен үлес қосты. Олардың еңбегі Қазақстан Парламентінің тарихында айрықша орын алады.

Мемлекет басшысы Парламенттің әр кезеңде қоғам сұранысына бейімделіп, уақыт талабына сай жұмыс істегенін атап өтті. Заң шығарушы орган түрлі саланың кәсіби мамандарын біріктіріп, елде жоғары деңгейдегі парламенттік мәдениетті қалыптастырды. Бұл – Қазақстанның дамыған мемлекет ретінде қалыптасуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Президент қазіргі Парламент құрамының ең күрделі әрі шешуші кезеңде жұмыс атқарғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, депутаттар ел өміріндегі ауқымды өзгерістердің бастауында болып, мемлекет үшін аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысты.
«Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің болашақ дамуына негіз болатын конституциялық заңдар мен кодекстер бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанды жаңғырту бағытындағы реформалар экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейінгі барлық саланы қамтығанын айтты. Осындай ауқымды өзгерістер кезеңінде жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсіби дайындықты талап ететінін жеткізді.
Президент барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына ел мүддесіне адал қызмет еткені үшін алғыс білдірді. Ол қазіргі құрамның Қазақстанның жаңа тарихындағы ең нәтижелі Парламенттердің бірі болғанын атап өтіп, депутаттардың еңбегі ел жылнамасында сақталатынын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев уақыттың бір орында тұрмайтынын, қазіргі жылдам өзгеріп жатқан кезеңде жаңашыл әрі батыл шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – заман талабы және ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін міндет.

Мемлекет басшысы Парламенттің тарихи жолы Қазақстанның эволюциялық дамуымен тығыз байланысты екенін айтып, алдағы өзгерістер елдің тұрақты дамуы мен мемлекеттіліктің нығаюына бағытталғанын жеткізді.

Автор: jsk.kz