• 24 ноября, 2025 8:41 дп

Ел қорғаны – тәртіпті күзететін полиция!

Автор:admin

Ноя 15, 2025

Құқығымыз тапталса, әлде біреуден жәбір көрсек, пана іздейтініміз – полиция. Әншейінде сынап-мінейміз. Бірақ, бұл сала қызметкерлері «солай екен» деп, өкпелеп, тонын отқа жаққан жоқ. Бейбіт күнде ерлік жасап жатқандары да бар. Оған тағы ақы сұрағанын да естіген емеспіз. Әсілінде, әділдіктің ақ туын желбіретіп, ақиқаттың салтанат құруының бастауында – ішкі істер органдары қызметкерлері бар, біле-білсек. Біз бүгін осынау қиын да күрделі, жауапты қызметтегі, сөйте тұра, бұқарадан алар алғысы сирек, полицияның беделі жөнінде сөз етпекпіз. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Полиция қызметкері болу үшін білім, білік, білек  және сабыр, төзім әрі  қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге керекті басты қасиеттер. Ұстамды, сыпайы болу, азаматтармен тіл табыса білу де аса маңызды. Міне, бүгін осындай талап үдесінен шығуды басты мақсат еткен Шымкент қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция капитаны Жаңыл Қаныбекқызы ішкі істер органдарында 2019 жылдың шілде айынан бері қызмет атқарып келеді. Қызмет барысында өзін жауапкершілігі жоғары, іскер және талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Мінезі ашық, ұжымда сыйлы, ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби даярлығы жоғары. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау органында еңбек етіп жүрген аруымызды бұл салаға келуінің өзі батырлық деп білеміз. Алға қойған мақсаты мен қолға алған ісін соңына дейін жеткізіп, абыройлы қызмет етіп жүр. «Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Мен Полиция болғанымды мақтан етемін. Полиция – қашанда елдің қорғаны. Сондықтан өз ісімді мінсіз атқару менің парызым. Әрине, қыз баласына оңай емес, бірақ жұмысымыз қызықты әрі қоғамға пайдаң тиіп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүргеніңді сезінгенде жігерленіп қаламын»,-дейді погонды аруымыз. Иә, қазір полиция қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Әсіресе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: » Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс» деген сөзі күн тәртібінен түспейді. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілік пен маңызды тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осы бағытта полиция қызметкерлері мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайта беретіндеріне сеніміміз мол. Біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету еді. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin