• 10 мая, 2025 6:07 пп

Вьетнам мен Қазақстан сауда байланысын нығайтады

Автор:admin

Май 10, 2025

 

2025 жылғы 7 мамырда Астанада ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам кездесу өткізді. Басқосуда тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. Әңгіме барысында тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін ұлғайту мәселесіне ерекше мән берілді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, туризм және цифрландыру салаларындағы әріптестікті дамыту бағыттары назарға алынды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк жеткізу мерзімін қысқарту және қазақстандық өнімдерді Вьетнам нарығына шығару жолдары қарастырылды.

Кездесу нәтижесінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, сауда мен инвестиция саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, жаңа жобаларға жол ашуды мақсат етеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында қазақстандық өнімдерді вьетнамдық тұтынушыларға жеткізу және агроөндірістік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұл кездесу Қазақстан мен Вьетнам арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Автор: admin