• 23 февраля, 2026 11:35 пп

БӨРЖАР АУЫЛЫНДА АЛАТАУ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР АНСАМБЛІНІҢ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КОНЦЕРТІ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Ордабасы аудандық мәдениет үйіне қарасты Бөржар ауылдық мәдениет үйі  ерекшелігі мол, кең ауқымды мәдени шараға толы болды. Ауыл тұрғындары үшін бұл күн ерекше қуанышқа айналды. Себебі сахна төріне Алматы қаласының Алатау аудандық ардагерлер халықтық ансамблі шақырылып, көрермендерге үлкен шығармашылық кеш ұсынды. Өз өнерімен Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танылған бұл ансамбль – ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген беделді өнер ұжымдарының бірі.

Алатау аудандық ардагерлер ансамблі бұған дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Америка, Франция, Түркия секілді мемлекеттерде концерт қойып, халықаралық деңгейде қазақ өнерін танытып келеді. Бөржар жұртшылығы үшін арнайы әзірленген концерттік бағдарлама да кәсіби деңгейімен көзге түсті. Шетел сахналарында шыңдалған өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі ауыл тұрғындарына ерекше әсер сыйлады. Әсіресе ұлттық ән-күйлердің жаңа ырғақпен, жаңаша орындауда ұсынылуы көпшіліктің көңілінен шықты.

Концерт барысында ансамбль мүшелері қазақтың дәстүрлі өнерін ғана емес, басқа елдердің де музыкалық мұраларын паш етті. Түрлі халықтардың әуендері бір сахнада үйлесім тауып, көрермендерге мәдениеттер арасындағы байланысты сездірді. Бұл – ауыл тұрғындарының таным көкжиегін кеңейтуге, өнер арқылы рухани байлығын арттыруға ықпал еткен маңызды сәттердің бірі болды. Әрбір шығарма тыңдаушылар тарапынан ыстық ықыласпен қабылданып, сахнаға қайта-қайта қол соғылып отырды.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Бөржар ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері де атсалысты. Залдың безендірілуі, жарық пен дыбыс үйлесімі, көрермендерді қарсы алу мәдениеті – барлығы да кәсіби деңгейде ұйымдастырылды. Бұл кеш ауылдың мәдени орталығының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, тұрғындардың өнерге деген ықыласын арттыра түсті. Кеш барысында ауыл ақсақалдары да сөз сөйлеп, ансамбльдің елге рухани қуат сыйлағанын ерекше атап өтті.

Кеш соңында ауыл тұрғындары мен қонақтар өз ризашылықтарын білдіріп, ансамбль мүшелеріне ақжарма тілектерін жаудырды. Ауылдың жастары ардагерлерге гүл ұсынып, бірге естелік суретке түсті. Концерт өз мәресіне жеткенімен, көрермендердің көңіліндегі әсер ұзақ сақталары анық. Бұл мәдени шара Бөржар ауылы үшін маңызды оқиғаға айналып, елдің рухани өміріне тың серпін берді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin