• 19 декабря, 2025 1:43 дп

БӘЙДІБЕК ЖАСТАРЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҮЙРЕНДІ

Автор:admin

Дек 9, 2025

Бәйдібек ауданының Шаян елді мекенінде орналасқан №19 колледжде студенттерге тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен газдан уланудың алдын алу шараларына арналған кеңейтілген түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл іс-шара мемлекет басшысы ұсынған «Қауіпсіз қоғам» қағидатын жүзеге асыру мақсатында, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметтерінің бірлесіп атқарып жатқан жүйелі жұмысының бір бөлігі. Соңғы жылдары республика көлемінде тұрмыстық өрт оқиғаларының көбеюі, газдан улану деректерінің тіркелуі және тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын толық сақтамауынан болатын адам шығыны қоғамның ерекше алаңдаушылығын тудырып отыр. Президент жолдауында аталған осы мәселені шешу тек құтқарушылардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені баса айтылған. Осындай талаптарды орындау тұрғысынан алғанда студент жастарға бағытталған түсіндіру жұмыстарының маңызы орасан. Өйткені қауіпсіздік мәдениеті ең алдымен білім ошақтарынан басталады.

 

Колледжде өткен түсіндіру шарасы тек формалды сипатта емес, мазмұндық тереңдігімен, нақты мысалдармен, тәжірибелік кеңестерімен ерекшеленді. Мамандар студенттермен ашық форматта кездесіп, әрқайсысының көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Алдымен үй жағдайында көп қолданылатын жылыту құрылғыларының қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Электр пештерін, су жылытқыштарды, электр плиталарын шамадан тыс қолдану, оларды желіге дұрыс қоспау, сапасыз немесе арзан кабельдерді пайдалану  өрттің негізгі себептерінің бірі екені нақты деректермен жеткізілді. Тұрмыста «кішігірім техника ғой» деп мән бермей қолданылатын құралдардың дұрыс пайдаланылмауы ірі қайғылы оқиғаларға әкелетіні айтылып, жыл сайын елімізде тіркелетін өрт оқиғаларының басым бөлігі, дәл осындай жайбарақаттық пен немқұрайлылықтың салдары екені түсіндірілді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін әр жас азаматтың қауіпсіздік ережелерін білуі  міндет қана емес, өмірін қорғаудың басты шарты екені баса айтылды.

 

Газ жабдықтарының дұрыс қолданылмауы туралы да егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Тұрмыстық газ плитасы, газды жылыту қазандықтары, газ колонкалары  әрқайсысы дұрыс орнатылмаған немесе уақытылы тексерілмеген жағдайда адам өміріне қауіп төндіретін құрылғылар екені студенттерге нақты мысалдармен түсіндірілді. Мамандар газдың иісін сезген жағдайда не істеу керектігін, қандай әрекеттерден бірден бас тарту қажет екенін, қандай нөмірге хабарласу керектігін, үй-жайдағы адамдарды эвакуациялау тәртібін толық түсіндіріп өтті. Газдан уланудың алғашқы белгілері – бас айналу, жүрек айну, әлсіздік, есінен тану сияқты физиологиялық өзгерістер дереу әрекет жасауды талап етеді. Мұндай жағдайда уақытты созу қауіпті, сондықтан дереу 112 нөміріне хабарласып, таза ауаға шығу керектігі студенттердің есіне салынды.

 

Іс-шара барысында ашық от көздерімен жұмыс істеу ережелері де айтылды. Студенттер көбіне жатақхана мен пәтер жалдап тұратындықтан, тұрмыста от тұтататын жабдықтарды жиі қолданады. Шам жағып қою, электр шәйнегін қосып тастау, темекі шоғын өшірмеу, газ плитасының жанында күйдіру жұмыстарын жүргізу – мұның барлығы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Құтқарушылар кез келген отты пайдаланғанда мұқият бақылау қажет екенін, ашық от көзі бір секундта таралатын қауіпті фактор екенін түсіндірді. Бір ғана сіріңке талының сауатты қолданылмауы бүтін үйді түгел шарпитын үлкен өртке айналуы мүмкін. Сондықтан қауіпсіздікке салғырт қараудың ешбір ақтауы жоқ екені айтылды.

 

Мамандар төтенше жағдай орын алған кезде қалай әрекет ету керектігі туралы да толық нұсқаулық берді. Өрт шыққан сәтте ең алдымен дүрбелеңге салынбай, адамдарды қауіпсіз жерге шығару, ғимарат ішіндегі жолдарды тез бағалау, 112 қызметіне уақытылы хабар беру  бірінші кезектегі міндет. Эвакуация кезінде есіктерді ашық қалдыру, түтін басқан дәліздерде еңкейіп жүру, дымқыл мата арқылы тыныс алу, басқаларды қауіпсіздікке шақыру сияқты практикалық кеңестер де түсіндірілді. Кей жағдайда адамдардың дұрыс әрекет жасамауы өрт салдарын қиындастырады. Сондықтан төтенше жағдай кезінде өзін-өзі ұстаудың дұрыс тәсілдерін білу  әрбір студенттің және әрбір азаматтың қажетті дағдысы.

 

Іс-шараның негізгі мақсаты студенттердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз ету, күнделікті тыныс-тіршілікте сақтық шараларын орындау қажеттігін ұғындыру. Себебі өрт пен газдан улану көбіне қыс мезгілінің алдында жиілейді. Жылыту маусымы басталғанда тұрғындардың пеш жағып, газды жиі қолдануы қауіптің артуына әкеледі. Мемлекет басшысы жолдауында атап өткендей, халықтың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты басымдығы. Сондықтан әрбір азаматтың қауіпсіздік ережелерін білуі – тек жеке басының ғана емес, қоғамның тұтастай қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі.

Аталған іс-шара  Бәйдібек ауданы ғана емес, жалпы өңір бойынша жүргізіліп жатқан кешенді түсіндіру науқанының бір бөлшегі. Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар және білім беру мекемелері біріге отырып, халықтың қауіпсіздік сауаттылығын арттыруға күш салып жатыр. Бұл жұмыс – Президент тапсырмасында айтылған «қауіпсіз қоғам» қалыптастырудағы нақты шара. Жолдауда тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше қауіптерді азайту, халыққа қауіпсіздік мәдениетін түсіндіру бойынша жүйелі міндеттер қойылған. Колледжде өткен түсіндіру жұмыстары осы мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейдегі айқын орындалуы болып табылады.

 

Жиын соңында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Құтқарушылар барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, әрбір студенттің пікірін назарға алды. Кездесудің ашық әрі еркін форматта өтуі студенттерге қауіпсіздік мәселесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Мұндай шаралар тек ақпарат берумен шектелмей, жастардың жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin