Бәйдібек ауданында өңірлерді дамытуға бағытталған жұмыстар соңғы жылдары жүйелі сипат алып, нақты нәтижелерін көрсетіп келеді. Әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі тетігі саналатын инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, елді мекендерді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу бағыттары аудан дамуының басты басымдықтары ретінде айқындалған. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан тұрғындарының күнделікті өмір сапасын арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Әсіресе электрмен қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан шаралар ауқымды әрі маңызды. 2024 жылы аудан аумағындағы өздігінен электр желілерін тартып, бағаналарын орнатып алған 27 елді мекендегі 44 көше бойында орналасқан 1299 тұрғын үйді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 2,054 миллиард теңгені құрайтын 10 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл жобалар республикалық және облыстық бюджеттерге қаржыландыруға ұсынылып, мәселені жүйелі түрде шешуге жол ашты. Аталған құжаттамалар елді мекендердегі электр желілерін заңдастырумен қатар, қауіпсіз әрі тұрақты электр қуатын жеткізуді көздейді.
Сонымен қатар, Шаян елді мекенінде де нақты жұмыстар атқарылды. Өздігінен электр бағаналарын орнатып, желілерін тартқан Жанаева, Әбдірайымов, Жансейтов, Байғонов және Айналма жолдың оң жақ бөлігінде орналасқан 71 тұрғын үйді сапалы электр энергиясымен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Аталған құжаттамалар негізінде демеушілердің қолдауымен бұл көшелерге 46 жаңа электр бағанасы орнатылып, қуаттылығы 250 кВА болатын комплектілі тұтынушылар подстанциясы іске қосылды. Бұл қадам электр қуатының тұрақтылығын арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
2024 жылы аудандық бюджет есебінен де бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Шаян елді мекеніндегі Жандарбеков көшесіне 3 842,0 мың теңге, Мыңбұлақ көшесіне 6 700,0 мың теңге және Шалдар елді мекеніндегі Қасымбеков көшесіне 3 500,0 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, трансформаторлық подстанциялар мен электр бағаналары орнатылды. Бұл жұмыстар электр желілерінің тозуын азайтып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, ауданның коммуналдық меншігіндегі 35 трансформаторлық подстанцияны қоршау жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 16 010,0 мың теңге бөлініп, қауіпсіздік талаптарына сай қоршау жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар электр қондырғыларының сақталуын қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Аудан аумағындағы елді мекендерде тозығы жеткен ағаш электр бағаналарын заманауи темірбетонды бағаналарға ауыстыру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылуда. 2024 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 8 360,0 мың теңге қаржыға 0,4 кВ болатын 152 дана электр бағанасы сатып алынып, бекітілген кестеге сәйкес елді мекендерге орнатылды. Ал 2025 жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, 10 кВ болатын 270 дана темірбетонды бағананы сатып алуға аудандық бюджеттен 13 500,0 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл өзгерістер электр желілерінің сенімділігін арттырып, ұзақ мерзімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы тағы бір маңызды сала – қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі. Бәйдібек ауданында қазіргі таңда 13 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының орындары белгіленген. Оның ішінде Шаян мен Боралдай елді мекендеріндегі екі полигон ыңғайластырылған түрде жұмыс істеп тұр. Ал 11 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орындарға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Олардың қатарында Ағыбет, Шақпақ, Бәйдібек-ата, Ақбастау, Қошқарата, Шалдар, Мыңбұлақ, Кеңестөбе, Жамбыл, Амансай және Теректі елді мекендері бар.
Аталған жобалардың алты елді мекені бойынша сараптамалар алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Бұл жобалардың құны да ауқымды. Мәселен, Бәйдібек-ата полигонына 97 925,0 мың теңге, Ақбастау полигонына 96 817,0 мың теңге, Шалдар полигонына 96 974,0 мың теңге, Мыңбұлақ полигонына 95 398,0 мың теңге, Кеңестөбе полигонына 96 332,0 мың теңге және Теректі полигонына 89 368,0 мың теңге қарастырылған. Бұл қаражаттар экологиялық талаптарға сай полигондар салуға және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 25 сәуірде өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудандық бюджетті нақтылау барысында бірқатар елді мекендердегі полигондарды ағымдағы жөндеу жұмыстарына қосымша қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Ақбастау елді мекеніне 18 766,0 мың теңге, Шақпаққа 24 953,0 мың теңге, Амансайға 17 599,0 мың теңге, Жамбыл елді мекеніне 23 787,0 мың теңге, Кеңестөбе елді мекеніне 4 881,0 мың теңге және Мыңбұлақ елді мекеніне 19 276,0 мың теңге қарастырылды. Бұл жұмыстардың тапсырыс берушілері тиісті ауылдық округтер болып табылады.
Жалпы алғанда, Бәйдібек ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауылдық аумақтардың келбетін өзгертіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Электрмен қамтудағы жүйелі шешімдер мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жобалар ауданның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Бәйдібек ауданы инфрақұрылымы дамыған, өмір сүруге қолайлы өңірлердің қатарына енуге қадам баса бермек.
Jsk ақпараттық агенттігі
