• 12 января, 2026 8:45 дп

АУЫЛДАҒЫ НАҚТЫ ӨЗГЕРІС

Автор:admin

Ноя 24, 2025

Соңғы жылдары Қазақстанда «Әділетті Қазақстан» құру идеясы кеңінен талқылауға түсті. Бұл – елдің әрбір саласында әділдікті орнатып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастама. Қазіргі уақытта көптеген азаматтар заңды сұрақ қоя бастады: әділетті мемлекет құру қалай жүзеге асады, оның негізі неден басталады?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Әділетті Қазақстан – елдің іргесін мықты етіп, халықтың дәулетін молайтып, жердің асты мен үстінің байлығын әділ бөлетін мемлекет. Әділдік орнаған жерде парақорлық пен жемқорлыққа жол жоқ. Сол арқылы елдің экономикалық табысы артып, халықтың бірлігі мен ынтымағы нығаяды.

Президент Қ. Тоқаев халыққа Жолдауында атап өтті: «Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз. Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті.»

Бұл сөздер тек қағаз бетінде қалмай, нақты іске асуы тиіс міндетті көрсетеді. Әділеттіліктің көрінісі қоғамның әрбір мүшесінің өмірінде сезілетін әлеуметтік жобалар мен инфрақұрылымдық өзгерістерде. Созақ ауданындағы жаңа бастамалар осы идеяның нақты мысалы бола алады. Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету,  қазіргі  өмір сапасының басты кепілі. Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау ауылдарында қосымша ұңғымалар қазу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бабата ауылында ерекше оқиға орын алды. Мұнда тереңдігі 507 метрге жеткен ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық таза су ағып, тұрғындардың күткен үмітін ақтады. Екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары 400 метр тереңдікке жетті. Алдағы уақытта бұрғылау техникасы Қызылкөл мен Құмкент ауылдарында 350 метр тереңдікте жаңа ұңғымаларды қазуды жалғастырады.

– «Балаларымызға таза су жетуін көптен күтіп жүр едік. Енді әрбір үйге су жетеді», – дейді Бабата ауылының тұрғыны Жанат апай.  Бұл қадам ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін түбірімен өзгертетін маңызды оқиға болып отыр. Бұрын жаз айларында су тапшылығы кейде тұрмыстық қиындықтарға әкелетін еді. Енді бұл мәселе шешімін табуда.

Қызылкөл мен Құмкент ауылдарында да ұңғымаларды қазу жұмыстары басталды. Жоспарланған тереңдік – 350 метр. Аудан әкімдігі мен демеуші компанияның бірлескен жұмысы тұрғындардың қажеттілігін уақытында қанағаттандыруға бағытталған.

Қарақұр және Қаратау ауылдарында алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке жетті. Қазіргі таңда су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метр, Қаратауда 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ. Бұл қадамдар ауылдағы ауызсу тапшылығын түбірімен шешуге бағытталған.

Жаз айларында ауызсу көлемінің азаюы тұрғындардың бірнеше рет көтерген мәселесі болды. Осыны ескерген «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған бұл бастамаға өз үлесін қосты.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар демеуші компанияға шынайы алғыстарын білдіруде. Жоба тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер етіп, ауылдың әлеуметтік дамуына нақты үлес қосып отыр.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің айтуынша, ауызсу мәселесін шешу  аудан үшін басты міндеттердің бірі. Әкім халықпен ашық кездесулер өткізіп, әрбір ұсынысты тыңдап, жобаларды тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне қарай бейімдеуге ерекше көңіл бөледі.

Осы бірлескен жұмыстың нәтижесінде ауыл тұрғындары тек таза суға қол жеткізіп қана қоймай, олардың тұрмысы, денсаулығы және қауіпсіздігі де артты. Бұл жобалар – халық пен биліктің тиімді ынтымақтастығының айқын көрінісі.

Таза ауызсу – тек су емес, ол тұрғындардың денсаулығы, балалардың қауіпсіздігі және өмір сапасының кепілі. Қазір Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау ауылдары таза суға қол жеткізіп, жаз айларын алаңсыз қарсы ала алады.

Созақ ауданында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар – Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асқан көрінісі. Әкімдік пен демеуші компанияның бірлескен жұмысы ауыл тұрғындарына жаңа сенім мен үміт сыйлады.

Созақта қолға алған жұмыс  еліміздің басқа аймақтарына үлгі бола алады. Тұрғындар мен билік бірлескен кезде әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты жолдарын табуға болады. Бұл бастама – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырудағы нақты, тиімді әрі заманауи шешім.

Әділеттілік идеясы тек қағазда қалмауы үшін нақты іс-қимыл маңызды. Созақтағы жобалар дәл осындай әділеттіліктің көрінісі: билік пен халық бірлескенде қиындықтар тез шешіліп, қоғамның әрбір мүшесі өз құқықтарын сезінеді. Осы арқылы Әділетті Қазақстан идеясы елдің әрбір бұрышына жетіп, азаматтарымыздың сенімін арттыра алады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin