Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев орман және жануарлар дүниесін қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар барысында аудан басшысы Темірлан елді мекенінде орналасқан «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне» барып, мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында табиғатты қорғау, орманды қалпына келтіру және жануарлар дүниесін сақтау бағытындағы жұмыстар егжей-тегжейлі қаралды. Аудан әкімі бұл саланың қоғам мен экология үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, орман және жануарлар әлемін қорғауға жүйелі бақылау орнату қажеттігін айтты.
Мекеме басшылығы аудан аумағындағы орман шаруашылығына қатысты негізгі көрсеткіштермен таныстырды. Жалпы мекеменің жер көлемі 33 559 гектарды құрайды. Оның ішінде:
орманмен көмкерілген алқаптар – 13 515 гектар,
ормансыз жерлер – 20 054 гектар.
Орман қоры үш орманшылықтан тұрады:
- Шымкент орманшылығы – 4 022 гектар,
- Ордабасы орманшылығы – 4 811 гектар,
- Боралдай орманшылығы – 24 726 гектар.
Бұл орман алқаптары Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Төлеби аудандары мен Шымкент қаласының аумағында орналасқан.
Бұдан кейін аудан әкімі мекеме қарамағындағы Бөген орманшылығына барып, бес жылдық мерзімге арналған көшет өсіру және тұқымбақ жұмыстарымен танысты. Азат Оралбаев егілген жас өскіндердің күтімін, орманды қалпына келтіру ісінің барысын көріп, табиғатты қорғау ісінде жаңа технологиялар мен тиімді тәсілдерді енгізу маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар аудан басшысы өрт қауіпсіздігі бекеттерінің жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда аудан аумағында орман шаруашылығына байланысты үш бақылау бекеті жұмыс істейді. Әсіресе, өрт қаупі жоғары Қажымұқан ауылдық округі аумағында бір тәулік бойы кезекшілік атқаратын өрт сөндіру бекеті бар.
Бекет заманауи техникамен жабдықталған: мұнда 1 дана өрт сөндіру автокөлігі, 1 дана МТЗ тракторы (УПП-3 цистернасымен), сондай-ақ 1 дана патрульдік автокөлік бар. Өрт кезінде бекет қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, дала және орман алқабындағы өртті дер кезінде сөндіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орталық кеңсемен тұрақты радио байланыс орнатылып, сағат сайын жағдай туралы ақпарат беріліп отырады.
Аудан әкімі аталған жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, орманды қорғау мен өрт қауіпсіздігі саласында жауапты мамандардың жұмысын күшейтуді тапсырды.
Jsk ақпараттық агенттігі
