• 15.04.2026 02:54

Алматыда Ерсайын Әбдірахмановтың 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Автор:admin

Апр 14, 2026

Алматы қаласында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және телевизия» факультетінде көрнекті режиссер, суретші және педагог Ерсайын Әбдірахмановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Режиссер және ұстаз Ерсайын Әбдірахмановтың мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара 2026 жылғы 14 сәуірде академия ғимаратында ұйымдастырылып, оған кино саласының мамандары, оқытушылар, студенттер мен зерттеушілер қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – режиссердің шығармашылық және педагогикалық мұрасын жан-жақты талдап, оның ұлттық анимация мен деректі киноның дамуына қосқан үлесін саралау болды.

Шара барысында қатысушылар назарына Ерсайын Әбдірахмановтың фотосуреттері мен графикалық жұмыстары ұсынылды. Сонымен қатар, баяндамалар оқылып, режиссердің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми пікірталас өтті. Іс-шара аясында Н. Абдулланың «Режиссер Ерсайын Әбдірахманов» атты монографиясының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Бағдарлама аясында режиссер туралы деректі фильм көрсетіліп, оның «Бозторғай», «Қозы мен Қосаяқтың жақсылық іздеуі» сияқты танымал анимациялық туындылары көрерменге ұсынылды.

Ерсайын Әбдірахманов – қазақ анимациясының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол өз шығармаларында ұлттық болмыс пен көркемдік ізденісті үйлестіре отырып, қазақ мультипликациясының дамуына жаңа серпін берді. Кейін деректі кино саласында да нәтижелі еңбек етіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді экран тілі арқылы көрсете білді.

Сонымен қатар, ол ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қызмет атқарып, болашақ режиссерлер мен кино мамандарын даярлауға елеулі үлес қосты. Оның шығармашылық және ұстаздық қызметі қазақ кино өнері үшін маңызды мұра болып саналады.

Аталған дөңгелек үстел қазақ киносының дамуына еңбек сіңірген тұлғаның мұрасын насихаттап қана қоймай, жас буын үшін кәсіби бағыт-бағдар беретін маңызды мәдени-ғылыми алаңға айналды.

Автор: admin