• 14 декабря, 2025 7:34 пп

АДАЛ АЗАМАТСЫЗ ӘДІЛЕТ ЖОҚ

Автор:admin

Ноя 25, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», – деп атап өтті.  Бұл сөздер бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Өйткені адалдық пен әділеттілік – елдің дамуының, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімнің басты кепілі.

Қоғамға үлгі боларлық адамдар әрдайым табылады, бірақ кейбір тұлғалардың өмір жолы ерекше есте қалады. Солардың бірі  Созақ ауданының Шу өңірінен шыққан Бейсенбі Дастанов. Оның өмірі мен қызметі адалдық пен әділеттіліктің нақты көрінісі.

Бейсенбі ағамыз 1955 жылы Тасты ауылында дүниеге келді. Білімін алдымен Шымкент педагогикалық мәдениет институтында «мәдени-ағарту жұмыстары ұйымдастырушы» мамандығы бойынша, кейін Қапланбек зоотехникалық малдәрігерлік техникумында «зоотехник» мамандығы бойынша алған.

Еңбек жолын «Шу» кеңшарында жылқышының көмекшісі ретінде бастаған ол, кейін әскери борышын өтеп, ауыл өміріне қайта оралды. 1978 жылдан бастап комсомол комитетінің хатшысы, Созақ аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы және өндіріс орындарында маман ретінде қызмет атқарды. Әр қызметінде адалдық пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп, өз ортасында құрметке ие болды.

2002 жылы Бейсенбі Дастанов Шу ауылының әкімі болып тағайындалды. Осы қызметінде ол ауылдың әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Мәдениет және спорт нысандары, мектептер, ауруханалар, жол және басқа да инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы, оның тікелей араласуымен жүзеге асқан. Шу өңірі оның басқаруымен айтарлықтай өркендеді.

Бейсенбі ағамыздың өмірлік ұстанымы қарапайымдылық пен адалдық болды. Ол қиындықта жасымай, жетістікте тасымай, әрқашан салмақты қалпын сақтаған. Шәкірттерін еңбекке баулыды, шыншылдыққа тәрбиеледі, жанашырлық пен бауырмалдықты өмірлік қағидасына айналдырды.

Ағамыздың ұл-қыздары: «Әкеміз ақылды, көңілі таза, білімді, адал, әрдайым айналасындағы адамдарға қамқор болды. Ол бізді еңбекке, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиеледі. Өмірде қаншама адамға жақсылық жасады», – деп еске алады.

Бейсенбі Дастановқа 2021 жылы Созақ ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Сонымен қатар, ол «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Облыс және аудан әкімдері тарапынан берілген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар оның еңбегінің әділ бағасы болды.

Бейсенбі ағамыздың есімі бүгінгі күнде де көпшіліктің есінде. Оның жасаған игі істері мен елге қосқан үлесі ұрпаққа өнеге болып қала береді. Мұндай адамдар арқылы ғана қоғамдағы әділдік пен ізгілік орнайды.

Әділетті Қазақстанның тірегі – адал азаматтар. Елдің болашағы адал еңбек пен әділ іс-әрекетке, елге жанашырлыққа негізделуі тиіс. Шу өңірінен шыққан Бейсенбі Дастанов сияқты азаматтар дәл осы қағидаларды өмірде жүзеге асырды. Сондықтан Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдары әрдайым қатар жүруі керек.

Адал азамат – тек жеке тұлғаның емес, бүкіл қоғамның тірегі. Әділетті қоғам тек қана осындай азаматтардың арқасында ғана қалыптасады. Бейсенбі ағамыздың өмірі – ұрпаққа үлгі, оның іс-әрекеті арқылы елдің әрбір азаматы адал еңбек пен әділдікке үйренеді.

Осылайша, Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдары – қоғамның рухани, әлеуметтік және экономикалық дамуының тірегі. Бейсенбі ағамыздың өнегелі өмірі дәл осы қағидаларды өмірде жүзеге асырудың айқын мысалы болып қала бермек.

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin