2025 жылдың 23 сәуір күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен 22 білім беру мекемелерінен 09-11 сынып оқушылары арасында 110 қатысушымен бірге «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары өтті. Нәтижесінде Қарағанды қаласында өтетін республикалық «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарына жолдаманы Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназия жеңіп алды.
Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған жыл сайынғы «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды.
Жеңімпаздарды марапаттай отырып, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жобаның жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі мәні мен маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол «Qaisar» ойындарының Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанының символдық мәні зор екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың баянды болашағының негізі – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет екенін әрдайым айтып келеді. «Qaisar» жобасы – дәл осы құндылықтарды ел жастарының бойына сіңіретін ерліктің, ерік-жігердің және Отанға деген адалдықтың мектебі. Жоба саналы, жауапты азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруда. Бүгінгі қатысушылар даңқты бабаларымыздың қайсар рухы қанымызда қайнап, жүрегімізде жалындап тұрғанын дәлелдеді. Өткенді ұлықтамай, жарқын болашаққа қадам басу мүмкін емес. Сондықтан жастар тарихи мұраға арқа сүйеп, терең білімімен, баянды бастамаларымен және игі істерімен Тәуелсіз еліміздің іргесін нығайтуда», – деді ол.
Шымкент қаласының командасы республикалық«Qaisar» әскери-патриоттық ойындарында үшінші орын, сондай-ақ «Геотактика» симуляторын әзірлеуші «Компания «Финист» ЖШС-ның арнайы аталымын иеленді.
Еске сала кетейік, партияның жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын өткізу туралы бастаманы «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII Съезінде көтерді.