• 14 декабря, 2025 7:26 пп

ORDABASY: РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ – ТАЗА АУЫЗ СУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 25, 2025

25 қазан – Республика күні қарсаңында Ордабасы ауданы үшін ерекше қуанышқа толы күн болды. Қараспан ауыл округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ елді мекендерінде тұрғындар көптен күткен таза ауыз су жүйесінің іске қосылу салтанатына куә болды. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бұл ауқымды жоба ауыл тұрғындарының жылдар бойғы мәселесіне нүкте қойды деуге болады.

Аталған жобаның құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында басталып, бірнеше ай ішінде толық аяқталды. Жалпы құны 222,962 миллион теңгені құрайтын ауыз су жүйесін «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. Құрылыс барысында заманауи талаптарға сай материалдар қолданылып, жаңа су құбыры желісі ауыл тұрғындарының үздіксіз әрі сапалы ауыз су алуына мүмкіндік беретіндей етіп салынған.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, ауыл округі ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Ауыл жұртшылығы үшін тарихи сәт саналатын шарада аудан басшылығы құттықтау сөз сөйлеп, елді мекен тұрғындарын мерекемен және жаңа игілікпен арнайы құттықтады.

— Құрметті ағайын! Бүгінгі қуанышты сәт еліміздің басты мерекелерінің бірі – Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – ауданымыз үшін үлкен жетістік. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгін іске қосылған жоба — тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыс, — деп атап өтті аудан әкімі Азат Оралбаев.

Шара барысында ауыл ақсақалдары да сөз алып, елге игілік әкелген маңызды жобаның іске асуына ықпал еткен аудан басшылығына, мердігер компанияға және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ақ баталарын берді. Олар мұндай игі істердің жалғасын тауып, ауылдардың көркеюіне үлес қоса беруге ниет білдірді.

Айта кетейік, бұл ауыз су жүйесінің құрылысы – Ордабасы ауданында мемлекетке прокуратура органдарының бастамасымен қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған екі ірі әлеуметтік жобаның бірі. Бұл – мемлекет мүддесіне қайтарылған қаражаттың ел игілігіне тиімді бағытталып жатқанын көрсететін нақты мысал.

Жиын соңында тұрғындар жаңа ауыз су нысанынан алғаш рет су алып, қуаныштарымен бөлісті. Жеңістің, жаңғырудың және халықтың өмір сапасын арттырудың символына айналған бұл жоба Республика күні қарсаңында ауыл халқы үшін үлкен тарту болды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin