Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен – еңселі, Әнұранымен – айбынды мемлекет. Бұл рәміздер еліміздің тәуелсіздігінің төлқұжаты болып, әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерекше мақтаныш сезімін тудырады. Мемлекеттік рәміздер – тек символ ғана емес, халқымыздың бірлігі мен тарихының айнасы, болашаққа бағыт беретін рухани құндылық болып табылады.
Ордабасы ауданында Мемлекеттік рәміздер күніне орай дәстүрлі «Ту көтеру» рәсімі өтті. Аудан орталығы Темірлан аймағындағы Қарауылтөбе биігінде ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, мектеп оқушылары және жасөспірімдер қатысты. Мерекелік шара Қазақстанның мемлекеттік Әнұранымен ашылып, барлық қатысушыларды «кең байтақ жерімізге», «бірлігі жарасқан тәуелсіз еліне» деген патриоттық сезімге бөлді.
Мерекелік жиында ел ағалары құттықтау сөздерін айтып, тәуелсіздігіміздің жетістіктері мен мемлекеттің дамуына қатысты ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, әскери шенділер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеріп, халық алдында мемлекеттің абыройы мен бірлігін дәріптеді. Қатысушыларға рәміздердің мәні, олардың тарихы мен қазіргі қоғамдағы рөлі туралы қысқаша ақпарат беріліп, жастардың бойына патриоттық рухты сіңіру мақсатында арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мерекелік шара барысында ауданның мектеп оқушылары мен жастар ұйымдарының өкілдері де өз өнерлерін көрсетті. Олар мемлекеттік рәміздерге арналған өлеңдер оқып, патриоттық әндер орындап, өздерінің елге деген сүйіспеншіліктерін танытты. Бұл сәттер әрбір қатысушыға ерекше әсер қалдырды, патриоттық сезімді арттыра түсті.
Мемлекеттік ту, Елтаңба және Әнұран – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін бейнелейтін символдар. Олар халқымыздың бірлігін сақтауға, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қызмет етеді. Әрбір рәміздің өз тарихы мен мәні бар, сондықтан олардың қадірін түсіну әр азамат үшін маңызды.
Мерекелік шара соңында аудан тұрғындары мен қонақтар Мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықталып, Қазақстанымыздың гүлденуі мен даңқының арта беруіне тілек білдірді. Мұндай іс-шаралар тек патриоттық тәрбиені ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлікті нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мемлекеттік Рәміздер күні құтты болсын!
Қазақстанымыздың даңқы арта берсін!
Jsk ақпараттық агенттігі
