Сонымен қатар кездесулер барысында Мемлекет басшысы атап өткен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының маңызы да айрықша көрсетілді. Бұл жүйе азаматтардың өтініш-тілектеріне дер кезінде назар аударып, билік пен халық арасындағы байланысты күшейтуді көздейді. Аудан деңгейінде де осы ұстаным басшылыққа алынып, әрбір мәселені шешуде ашықтық, жауапкершілік және тиімділік басты назарда болатыны айтылды.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың 2024 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі кездесу жиындары бүгін Төрткүл және Қарақұм ауыл округтерінде өтті.
Аталған ауыл округтерінде өткен кездесулерде аудан басшысы ең алдымен аудандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен жоспарларды толық мәлімдеп, келесі кезекте нақты кездесу өтіп отырған Төрткүл және Қарақұм ауыл округтеріндегі хал-ахуалға кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары тарапынан да өзекті мәселелер жөнінде бірқатар сұрақтар қойылды. Жиында ауыл тұрғындары елді мекендердегі ауыз су, әлеуметтік нысандармен қамту, су арналарын тазалау, бетондау, көшелерге асфальт төсеу, жайылым жер, медициналық көмектер секілді бірқатар мәселелерді айтып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Ауыл тұрғындары өтініштерінің басым бөлігі асфальт жол мәселесі. Аудан басшысы бұл орайда асфальт жолмен қамту кезең-кезеңімен, маңыздылығы мен өзектілігіне орай кезегімен іске асатынын айтты. Бірқатар тұрғындар «ауылға газ келді, енді осы газ жүйесін күтіп-ұстау жағдайы қалай болады» деген сұрақ төңірегіне тоқталды. Аудан әкімі бұл тұрғыда ауданда әкімдік тарапынан газ жүйесін қадағалау инспекциясы құрылып, жұмыстарын бастағанын, мамандары тәжірибелік кезеңнен өтіп жатқанын, жақын арада аудан көлемінде қызмет көрсететінін атады.
Сонымен қатар, әрбір азаматтың барлық көкейкесті сұрақтарына толыққанды жауап беріп, аталған мәселелерді шешу бағытындағы нақты жоспарлары мен өз ұсыныстарын да атап өтті.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің бірі де назардан тыс қалмай уақытылы шешімін табуы жіті бақылауда болатынын жеткізді.
Көкейдегі мәселелерге қатысты нақты жауап алған ауыл азаматтары аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Jsk ақпараттық агенттігі
