• 28 февраля, 2026 12:54 пп

«Auyl Jastary» семинары белсенді жастарды жинады

Автор:admin

Фев 28, 2026

Шымкент қаласында «Auyl Jastary» республикалық жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылған семинар өтті. Бұған дейін дәл осындай форматтағы кездесу Қостанай қаласында өткізілсе, мегаполисте бұл жоба алғаш рет жүзеге асты. Семинарға жоғары оқу орындарында білім алып жүрген ауыл жастары қатысты.
Цифрландыру және жасанды интеллект тақырыбын өзек еткен жиынға «Auyl Jastary» республикалық жастар қанаты төрағасы Даурен Рахымбек модераторлық етті. Іс-шараның салтанатты бөлімінде алғашқы сөз «Ауыл» партиясыОрталық аппараты басшысының орынбасары Нұрхат Орашқа берілді. Ол бұл басқосу Жаңа Конституцияны түсіндірумен қатар, қоғам мен саяси институттардың ортақ ұстанымын қалыптастыруға бағытталған маңызды диалог алаңы екенін атап өтті.
Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған. Бұл бастама ең алдымен жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Сондай-ақ Жаңа Конституция жобасында қамтылған идеялар мен құндылықтар жас ұрпақтың әлеуетін дамытуға, олардың бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасауға негіз болатыны айтылды.
Семинар барысында Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасы басшысы Азамат Парманов сөз сөйлеп, қатысушыларды іс-шараның ашылуымен құттықтады. Ол «Auyl Jastary» семинары цифрлық трансформация дәуірінде жастардың рөлін айқындайтын маңызды алаң екенін атап өтті.
— Цифрландыру жағдайында біз тек технологиялық жаңашылдықтарды талқылап қана қоймай, елдің болашағына қатысты саяси бастамалар бойынша да белсенді ұстаным танытуымыз қажет. Алдағы референдумға қатысу – ашық пікір алмасуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және саналы таңдау қалыптастыруға жасалған маңызды қадам, – деді басқарма басшысы.
Ашық диалог форматында өткен жиында Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының басшысы Жазира Сұлтанқұлова мен Шымкент қаласы «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрағасы Ғани Қарабеков те сөз сөйлеп, жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуы мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды факторы екенін атап өтті.
Семинардың мазмұнды бөлігі түрлі тақырыптағы сараптамалық баяндамалармен жалғасты. Киберқауіпсіздік және кибергигиена мәселелері бойынша Алия Оразымбетова, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, табыс көздері мен нейрожүйелер туралы Шохноза Халметова, жасанды интеллектпен жұмыс істеу машықтары жөнінде Аққұмар Бақытқызы, ал «Бизнес саласында жасанды интеллектті қолдану ерекшеліктері» тақырыбында Баянсұлу Төрегелдіқызы жастарға жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара жаңа идеяларды қолдауға, жастардың көшбасшылық әлеуетін ашуға және ел дамуына ықпал ететін әлеуметтік әрі кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға бағытталды.
Семинар аясында белсенді студенттер мен волонтерлер арасында «Quiz» форматындағы интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, қатысушылардың білім деңгейі сынға түсті.
Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен серіктестіктерге жол ашқан «Auyl Jastary» семинарының қорытындысында белсенді қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.

Автор: admin