• 28 марта, 2024 11:00 пп

• «AMANAT» — ТҮРКІСТАН: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҮГІТ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Автор:admin

Май 26, 2022

 

Түркістан облысында референдумды халық арасында насихаттаудың екінші толқыны басталды. Халықтың қызу қолдауына ие болып отырған науқанның бірінші толқыны 12-20 мамыр аралығында өткен болатын. Бүгін ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, “AMANAT” париясының республикалық штаб мүшелері Дархан Мыңбай және Құдайберген Ержан Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылының тұрғындарымен кездесті.

Ондағы негізгі мақсат – Конституциялық түзетулер жобасын жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру және референдумды қолдауға шақыру. Сондай-ақ олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талқылау.

Кездесуге Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт, облыстық мәслихат депутаты Өркен Есей, Түлкібас аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Қуатбек Еркебаев және аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері мен партия белсенділері қатысты.

Жиынды аудан әкімі Н.Байғұт жүргізіп отырды. Алғаш боп сөз алған Дархан Қамзабекұлы жиналғандарға жалпыхалықтық референдум өткізудің алғышарттарын, ұсынылған реформалардың ерекшеліктерін, демократиялық түрленудің маңызын қарапайым әрі түсінікті сөздермен әңгімелеп берді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан да сауалдар қойылды. Штаб мүшелері партия белсенділерін алдағы науқанда белсенділік танытуға және де тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге атсалысуға шақырды.

Мұнан соң республикалық штаб мүшесі Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің студенттерімен кездесті. Алдағы референдумда жастардың да мейлінше белсенділік танытуы маңызды. Өйткені жастар – ел болашағы. Осы ретте Д.Қамзабекұлы Жаңа Қазақстанды құруда жастардың алар орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол жаңа қоғам құрудың негізгі принциптерін кеңінен түсіндірді. Конституциядағы кейбір баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мемлекеттің келешектегі бағдары қалай өзгеруі мүмкін деген тақырыпта жастармен кеңінен әңгімелесті.

Ауылдың негізгі күн көрісі – ауыл шаруашылығы саласы екені даусыз. Ала жаздай егістік пен бау-бақшаларда еңбек етіп жүрген түлкібастықтар жыл санап осы саланың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Депутаттар ауданға сапары шаруа қожалықтары төрағаларымен және ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің жұмысшыларымен де арнайы кездесіп, референдум аясында Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, кездесуде агро саланы дамытудағы негізгі басымдықтар сөз болып, субсидия, несие беру, жеңілдетілген бағада жанар-жағармай, тыңайтқыштар алу сынды түрлі тақырыптарда әңгіме өрбітті.

Штаб мүшелері осы күні аудандық интеллигенция өкілдерімен де кездесіп, өзара пікір алмасты. Зиялы қауым өкілдері алдағы науқанға бір кісідей атсалысатынын, референдум жаңа Қазақстан құруға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Мұнан соң Дархан Қамзабекұлы Састөбе кентіндегі жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысымен танысты.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Автор: admin