• 25 апреля, 2024 12:43 пп

 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы мобильді қоғамдық қабылдау жобасы бойынша 2022 жылдың 15 наурызы мен 11 мамыр аралығында атқарылған жұмыстарға сараптама қорытындысын жүргізді. Жаңа жобаның мақсаты — шалғай елді мекен тұрғындарына өтініштерін аудан орталықтарына бармай-ақ, тікелей жеткізуіне мүмкіндік тудыру және талап-тілектерін заңдылығына қарай орындау.

Жоба аясында әр ауданнан шағымдар көп түсетін 5 шалғай елді мекен таңдалады. 15 наурыздан бері Түркістан өңірі бойынша 8 аудан және 1 қала қамтылып, мобильді топ 44 елді мекенге барды. Осы орайда жергілікті азаматтардың партияға деген сенімі артып отыр. Оған дәлел, қабылдауларға 1473 адам келіп белсенділік танытты. Бүгінге дейін 162 мәселе оңтайлы шешілді. Қабылдауларға облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық және жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары және жауапты қызметкерлері қатыстырылуда.

ШЕШІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Шалғайдағы ауылдардың біршамасына ортақ проблема — ұялы байланыс пен интернет сапасының сын көтермеуі. Келес ауданы, Жамбыл ауылдық округінде өткен қабылдауда тұрғын Б.Әлтаев интернет жылдамдығын 4G стандартымен қамтамасыз етуге өтініш білдірген. Аймақтық партия филиалы жауапты басқармаға тапсырма жүктеп, нәтижесінде аталған ауылдық округтің 4 елді мекеніне 3G ұялы байланыс интернеті қосылды. Биыл Жамбыл ауылдық округінің орталығы Бекбота елді мекеніне 4G жылдамдықтағы интернет желісі қосылады деп көзделуде.

Қазығұрт ауданы, Шанақ ауылының тұрғыны Т.Абдрашов газдандыру, ауыз су тапшылығы, Ақбура бұлағының маңынан су қоймасын салу туралы өтінішін жеткізді. Партия филиалы тиісті мемлекеттік органдармен байланысып, Шанақ елді мекенін табиғи газбен қамту жұмыстары биыл жүргізілетінін және Ұлттық қордан 200 000,0 мың теңге қаржы бөлінгенін анықтады. Ақбура бұлағының маңына су қоймасын салу жұмыстары 2022 жылы жүргізіліп, тұрғындарға ауыз су тұрақты берілетін болады.

Ал жедел шешілген өтініштердің қатарында жұмыссыздық мәселесі бар. Мәселен, Арыс қаласының тұрғыны К.Исабекова тұрақты жұмыспен қамтуды сұрады. Қалалық «Адами әлеуетті дамыту» бөліміне ұсыныс білдірудің нәтижесінде өтініш иесі Аққала елді мекеніндегі мектеп асханасына жұмысқа орналастырылды.

Облыс көлемінде аймақтық және аумақтық филиалдарда жалпы саны 18 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істеп тұр. Өз нәтижесін көрсетіп келе жатқан мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы әлі де жалғасуда.

«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалының
баспасөз қызметі

Автор: admin