• Пт. Ноя 20th, 2026

«ALMATY THEATRE FEST»: Сахна шымылдығы астындағы алты күндік өнер мерекесі

Автор:jsk.kz

Ноя 19, 2026

Өнер – халықтың жаны, театр – сол жанның айнасы. Сахнада сөйлеген сөз бен сомдалған бейне кейде мың кітаптың айта алмаған сырын ұқтырады. Өйткені өнердің құдіреті – жүрекке жетіп, көңілге ой салуында. Осындай рухани үндестік пен шығармашылық ізденіске жол ашқан «ALMATY THEATRE FEST» республикалық театр фестивалі мәресіне жақындап келеді.

Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық мерейтойына орай, қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған алты күндік өнер мерекесі театрсүйер қауымның көңілінен шығып, көрерменге ерекше әсер сыйлап келеді. 15 қарашада шымылдығын түрген фестиваль осы уақыт аралығында еліміздің әр өңірінен келген шығармашылық ұжымдардың басын қосып, сахна өнерінің сан қырын танытты.

Фестивальдің алғашқы күнінен-ақ көрермен ықыласы айрықша сезілді. Баспасөз конференциясы мен салтанатты ашылу рәсімінен кейін ұсынылған Фархад Молдағалидің «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» soundrama қойылымы тарихи тақырыпты тың режиссерлік шешіммен сабақтастырып, көрерменді терең ойға жетеледі. Бұл қойылым фестивальдің мазмұндық бағытын айқындап, алдағы күндерге деген қызығушылықты арттырды.

Одан кейінгі күндерде де сахна шымылдығы бір сәтке толастаған жоқ. Мейрам Хабибуллиннің «Войцек» трагедиясы мен Әли Бидахметтің «Сәйгүлік» музыкалық драмасы, Гүлназ Балпейсованың «She Is Aiel» soundrama қойылымы мен Еркебұлан Қабдылдың «Жабайы алма» драмасы көрерменге әртүрлі тағдыр мен адам болмысының сан алуан қырын ұсынды.

18 қарашада сахналанған Дина Жұмабайдың режиссерлігімен қойылған Александр Островскийдің «Найзағай» драмасы классикалық шығарманың бүгінгі көрерменмен қайта қауышуына мүмкіндік берді. Ал «Дәстүрлі өнер және заманауи театр кеңістігі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өнердің өткені мен бүгінін, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасын кәсіби тұрғыда талқылауға жол ашты. Кешкі бағдарламадағы «Қорғансыз» трилогиясы да көрерменнің рухани әсерін тереңдете түсті.

Фестивальдің 19 қарашадағы бағдарламасы да мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан ерекше. Гүлназ Адайдың «Томирис» performance қойылымы, Григорий Лайконың «Ортеке» storytelling туындысы және Александр Недомолкин сахналаған Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» soundrama қойылымы сахна өнерінің шексіз мүмкіндігін тағы бір мәрте көрсетті. Әр қойылым өзіндік көркемдік тілімен, режиссерлік шешімімен және актерлік ізденісімен ерекшеленіп, көрерменге сан түрлі сезім мен ой сыйлады.

Бір назар аударарлығы – фестиваль көрермені сахналық туындыларды тамашалап қана қоймай, әр қойылымның астарына үңіліп, өнермен сырласа білді. Көрерменнің ықыласы, залдағы әсерлі көңіл күй, сахна мен зал арасындағы рухани байланыс – мұның бәрі фестивальдің сәтті өтіп жатқанының айғағы. Шын өнердің бағасы да осында емес пе? Сахнадан шыққан ой көрерменнің жүрегіне жетсе, қойылым өз мақсатына жеткені.

Алты күндік өнер мерекесінің соңғы күні – 20 қарашада Ералхан Мырзахметтің режиссерлігімен «Гүлге ұмтылған екеу» драмасы сахналанып, сағат 17:00-де фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

«ALMATY THEATRE FEST» аясында классикалық драматургия мен ұлттық тақырып, тарихи тұлғалар тағылымы мен заманауи сахналық ізденістер өзара тоғысты. Soundrama, муздрама, performance, storytelling бағыттарының қатар ұсынылуы театр өнерінің бір ғана қалыпқа сыймайтынын, оның үнемі жаңарып, ізденіспен толығып отыратын тірі өнер екенін аңғартты.

Өнердің өркендеуі – үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің жемісі. Ал шығармашылық ұжымдардың жаңашылдыққа ұмтылысы мен кәсіби шеберлігі ұлттық өнердің көкжиегін кеңейтіп, оның жаңа белестерге көтерілуіне жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, «ALMATY THEATRE FEST» – сахна шеберлерінің шығармашылық қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, ұлттық өнердің қадірін арттырып, оның жаңа тынысын ашуға бағытталған маңызды мәдени бастама.

Он жылдық белесін атап өтіп отырған «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін бұл фестиваль – өткен жолға тағзым, бүгінгі шығармашылық ізденіске серпін, келешекке жасалған игі қадам. Өйткені дәстүрді сақтау – оны өзгеріссіз қайталау емес, оның асыл өзегін жоғалтпай, жаңа заманның тілімен сөйлете білу.

Өнердің өрісі кең, руханияттың жолы ұзақ. Ал көрермен жүрегінен орын алған қойылым мен ел жадында қалған фестивальдің ғұмыры сахна шымылдығы жабылған сәтте де жалғаса береді. «ALMATY THEATRE FEST» те Алматының мәдени шежіресіне осындай жарқын әсерімен, мазмұнды кездесулерімен және көрермен ықыласымен жазылып қалмақ.

Автор: jsk.kz