• Чт. Ноя 26th, 2026

«МӘДЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ – 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫ ТҮРКІСТАННЫҢ МӘРТЕБЕСІН БИІКТЕТТІ

Автор:jsk.kz

Ноя 26, 2026

 

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы өтіп жатыр. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин симпозиум қатысушыларына құттықтау үндеуін жолдады. Ол Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан жиынның маңыздылығына тоқталып, Конституцияның адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісімнің негізі екенін атап өтті. Пленарлық отырысты ашқан Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова бұл симпозиум 2025 жылы бастау алған халықаралық кәсіби диалогтің жалғасы екенін атап өтті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиынға қатысушыларды құттықтап, Түркістанның тарихи-рухани маңызына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтудағы әлеуетіне тоқталды.

– Түркістан – ғасырлар бойы түрлі өркениеттер мен мәдениеттерді тоғыстырған қасиетті мекен. Бұл шаһардың тарихы мен рухани мұрасы халқымыздың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ қазынасы. Сондықтан бүгінгі басқосудың Түркістан төрінде өтуінің өзіндік мәні бар. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар мемлекет ретінде қалыптасты. Осы кезеңде қасиетті Түркістан өңірі де қарқынды дамып, жаңа белестерге көтерілді. Қаламызға ерекше мәртебе берілуі оның тарихи және рухани маңызын жаңа деңгейге көтеріп, дамуына тың серпін берді. Түркістанның тарихи және рухани беделін халықаралық деңгейде таныту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Біз бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, халықаралық ғылыми, мәдени және шығармашылық байланыстарды одан әрі нығайтатын боламыз. Бүгінгі симпозиум халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетіп, жаңа ғылыми және мәдени жобаларға жол ашады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылғы 2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін, өнеркәсіп өндірісі 505 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін өскен. Қазіргі таңда облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларға 66 млрд теңге инвестиция тартылып, 60 кәсіпорын іске қосылған. Тағы 45 жоба жүзеге асырылуда.

Әкім Түркістанның халықаралық деңгейдегі тарихи және рухани беделін арттыруға бағытталған жұмыстарға да ерекше назар аударды. Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы – ИСЕСКО шешімімен Түркістан қаласына 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуі шаһардың әлемдік және түркі өркениетіндегі тарихи орнын тағы бір мәрте айқындайтынын атап өтті. Осы мәртебеге орай қалада Қожа Ахмет Ясауи халықаралық әдебиет және тіл форумы, ислам және түркі әлемінің мұражай ісі мамандарының жиыны секілді ауқымды халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Халықаралық симпозиум аясында конституциялық құндылықтар мен мемлекеттілікті нығайту, құқық үстемдігі, сот төрелігінің қолжетімділігі, құқықтық мәдениет, бизнес саласындағы адам құқықтары, орнықты даму, әлеуметтік саясат, отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар жауапкершілігі мәселелеріне арналған тақырыптық сараптамалық сессиялар, қонақ дәрістері және практикалық семинарлар өтеді.

Симпозиум жұмысына Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Венгрия, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Словения, Германия, Литва және АҚШ-тың мемлекеттік, құқықтық және ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: jsk.kz