Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте Мәдениет және өнер ұлттық университеті құрылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов тиісті Үкімет қаулысына қол қойды.
Жаңа жоғары оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде ашылады. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.
Мамандар даярлауда кино және драматургия, кино және теледидар режиссурасы, графика мен мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер және дыбыс режиссурасы сияқты сұранысқа ие шығармашылық бағыттарға басымдық беріледі.
Университетке ерекше мәртебе беріледі. Бұл оқу орнына заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге, халықаралық жобаларға қатысуға және білім, ғылым, мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға кең мүмкіндік ашады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
