• Сб. Окт 31st, 2026

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚҚА БАСТАЙТЫН “ЖОЛ”

Автор:jsk.kz

Окт 31, 2026

Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығы мен ақпараттық қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналып отыр. Осы тақырыптарды арқау еткен «Жол» сериалы Шымкент қаласының Дін істері басқармасының қолдауымен түсіріліп, көрерменге ұсынылды. Туындының тұсаукесер көрсетілімі Жастар ресурстық орталығында өтті.

Сериалда діни сенімге қатысты ізденіс үстіндегі жастардың түрлі ақпарат пен адамдардың ықпалына түсуі, мұндай жағдайларда отбасы қолдауының маңызы сөз болады.

Сериалдың режиссері Олжас Уәлханов бұл тақырыпты таңдауға қоғамда кездесетін өзекті мәселелер себеп болғанын айтады. Оның сөзінше, сценарийді дайындау кезінде шығармашылық топ теолог мамандармен кеңескен.

– Қоғамда діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастар бар. Осындай жағдайлардың алдын алуға үлес қосқымыз келді. Сценарийді әбден сүзгіден өткізіп, теологтермен сұхбаттастық. Олар тәжірибесінде кездескен оқиғаларды айтып берді. Соның негізінде өзіміз де көркемдік тұрғыдан толықтырдық. Сериалды қазіргі заманмен байланыстырып, жастардың қызығушылығына сай түсіруге тырыстық. Мұнда тек диалогтерге емес, оқиға мен отбасы құндылықтарына да басымдық берілді. Жеңіл ақшаға қызығып, ата-анасын тыңдамай, жат ағымның ықпалына түсетін жастарды сол жолдан қайтаруды көздедік. «Жол» атауының мәні де осында. Әр адамның өз жолы бар, бірақ тура жолдан адаспау керек. Егер сериалды көрген он адамның біреуі болса да теріс бағыттан қайтса, біз үшін бұл үлкен жеңіс, – дейді режиссер.

Сериалды көріп шыққан Шымкент қаласы Полиция департаментінің Қылмыстық-атқару жүйесіндегі жедел бөлімінің жедел уәкілі Жандос Асанов туындыда көтерілген мәселенің өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар жастардың жат ағымның ықпалына түсуіне әлеуметтік желілердегі түрлі бейнероликтер де себеп болатынын жеткізді. Оның айтуынша, кейбір жастар қызығушылықпен көрген материалдарының мазмұнына мән бермей, ондағы ақпаратқа сеніп қалып жатады. Сондықтан интернеттегі мәліметтерді саралап, әр әрекеттің құқықтық жауапкершілігі бар екенін естен шығармаған жөн. Маман Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174 және 256-баптарында діни алауыздықты қоздыру, терроризмді насихаттау және оған жария түрде шақыру әрекеттері үшін жауапкершілік көзделгенін атап өтті.

Айта кетейік, «Жол» сериалының сценарийін Тағай Нұралиев пен Әлкен Маумберлиев бірлесіп жазған. Түсірілім жұмыстары 25 мамыр мен 22 маусым аралығында Шымкент қаласында жүргізілген. Сегіз бөлімнен тұратын туындының әр бөлімі 15 минутқа созылады. Сериалды YouTube желісінен тамашалауға болады.

Ұлжан Көгіл
“Шымкент келбеті”

Автор: jsk.kz