• Вт. Окт 13th, 2026

TURKISTAN ENERGY: ТҮРКІСТАН ТАУЛАРЫНДА 700-ГЕ ЖУЫҚ ҚАТЫСУШЫНЫ БІРІКТІРГЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ SAIRAM-SU TRAIL ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Автор:jsk.kz

Окт 13, 2026

 

Түркістан облысы | 11 қазан 2026 жыл

Бүгін Түркістан облысының көрікті табиғатымен ерекшеленетін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде TURKISTAN ENERGY бастамасы аясында SAIRAM-SU TRAIL 2026 халықаралық тау жүгіру жарысы өтті.

Ауқымды спорттық іс-шараға 700-ге жуық кәсіби спортшы мен жүгіруді енді бастаған әуесқой қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның бес облысынан, Орталық Азия елдерінен, ТМД мемлекеттерінен, соның ішінде Ресейден келген жүгірушілер, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарынан келген бір қатысушы болды.

Спортшыларды қолдауға келген жанкүйерлер мен қонақтарды қоса есептегенде, іс-шараға жалпы 1000-ға жуық адам жиналды.

ТАБИҒАТ. СПОРТ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІРЛІК.

Халықаралық жарыстың басты мақсаты – Түркістан облысының бірегей табиғи әлеуетін әлемге таныту, экологиялық, тау және спорттық туризмді дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және өңірге жаңа туристік аудитория тарту.

Сайрам-Судың көркем тау бөктерінде қатысушылар 5 және 8 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынады. Жарыс кәсіби спортшыларға да, спортқа алғашқы қадамын жасаған азаматтарға да өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасады.

Әртүрлі өңірлер мен мемлекеттерден келген қатысушылардың бір алаңда бас қосуы Түркістан облысының халықаралық спорттық және туристік іс-шараларды өткізу әлеуетін айқын көрсетті.

OPEN TURKISTAN – ӨҢІР ТУРИЗМІНІҢ ЖАҢА ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Іс-шараны Түркістан облысының туристік әлеуетін дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету бағытында жұмыс жүргізетін «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.

Компанияның стратегиялық мақсаты – Түркістан облысын тарихи-мәдени туризм орталығы ретінде ғана емес, экологиялық, тау, спорттық және оқиғалық туризмнің халықаралық деңгейдегі тартымды бағыты ретінде қалыптастыру.

Мұндай халықаралық іс-шаралар өңірдің туристік имиджін нығайтуға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және басқа да туристік қызметтерге сұранысты арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, ұлттық табиғи парктерде жауапты туризм мәдениетін қалыптастыру, табиғи байлықты сақтау және тұрақты туризм қағидаттарын насихаттау маңызды бағыт болып қала береді.

SAIRAM-SU TRAIL 2026 – бұл жай ғана жүгіру жарысы емес. Бұл Түркістанның табиғи сұлулығын, спорт рухын және халықаралық достықты біріктірген жаңа туристік қозғалыс!

TURKISTAN ENERGY – ТАБИҒАТ. СПОРТ. ЭНЕРГИЯ. БОЛАШАҚ.

Ұйымдастырушы: «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы

Автор: jsk.kz