• Ср. Сен 30th, 2026

Шымкентте жастарға экологиялық жауапкершілік түсіндірілді

Автор:jsk.kz

Сен 30, 2026

 

Шымкентте «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық акциялары аясында тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда.

Бүгін қаладағы №140 жалпы орта мектебінде «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбында экологиялық сабақ өтіп, оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, ауаның және судың ластануын болдырмау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәселелері түсіндірілді. Оқушылар экологиялық жобаларын таныстырып, қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты тәжірибелік жұмыстар көрсетті. Мектепте экологиялық бағыттағы арнайы үйірме де жұмыс істейді.

Сонымен қатар бүгін қаладағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 70-ке жуық студентінің қатысуымен «Қалдықсыз қала» тақырыбында да ашық кездесу ұйымдастырылды. Жастармен тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, экологиялық талаптарды сақтау және заңсыз қоқыс орындарының алдын алу мәселелері талқыланды.

Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Баян Тұңғатарованың айтуынша, жыл басынан бері 37 тексеру жүргізіліп, 37 нұсқама берілген. 64 әкімшілік іс қозғалып, заң бұзушыларға жалпы 505 млн теңге айыппұл салынған. Оның 281 млн теңгесі бюджетке өндірілген.

Жыл басынан бері қала аумағында заңсыз 20 қоқыс орны анықталған. Оның 11-і– Әл-Фараби, 5-еуі –Абай, 2-еуі Еңбекші ауданында, сондай-ақ Абай және Тұран аудандарында тіркелген. Аталған аумақтарды тазарту жұмыстары аудан әкімдіктерінің күшімен жүргізілуде.

Шымкент қаласы прокуратурасының прокуроры Асқар Тұрдымуратов экологиялық талаптарды сақтау тек тазалық мәселесі емес, азаматтардың құқықтық мәдениетінің де бір бөлігі екенін атап өтті.

Қалада мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық сабақтар, семинарлар мен ашық кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Автор: jsk.kz