• 04.09.2026 22:03

ТІЛ – БІРЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ ЖӘНЕ ТӘРТІП НЕГІЗІ

Автор:jsk.kz

Сен 4, 2026

 

Шымкенттегі А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада Қазақстан халқы тілдері күніне орай және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тіл – өзара түсіністік пен бірліктің кілті» атты танымдық сағат өтті. Кез келген өркениетті қоғамның тірегі – заң үстемдігі мен тәртіп екені белгілі. Осы ретте елдегі құқықтық мәдениетті нығайту мен мемлекеттік тілдің заңды мәртебесін насихаттауға арналған бұл маңызды жиынға ұстаздар, оқушылар, кітапхана оқырмандары мен сала мамандары қатысты.

Шараның басты мақсаты – тілдердің қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтудағы рөлін көрсету, мемлекеттік тілдің конституциялық маңызын кеңінен түсіндіру, ана тіліне және еліміздегі барлық этностардың тілдеріне деген құрметті арттыру. Себебі тіл саясатын дұрыс жүргізу мен этносаралық келісімді сақтау – мемлекеттік заңдылық пен ішкі тұрақтылықтың басты кепілі.

Танымдық сағат барысында кездесудің негізгі қатысушылары болған Шымкент қаласының мектеп оқушыларына мерекенің тарихы түсіндіріліп, қазақ тілінің дамуына Ахмет Байтұрсынұлының қосқан өлшеусіз үлесі туралы айтылды. Сонымен қатар тіл мен мәдениеттің сабақтастығы, көптілділіктің маңызы және қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Жиында филология саласының мамандары, педагогтер мен қоғам өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында ҚР Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов, Орталық Азия инновациялық университетінің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы, «Әзірбайжан» этномедиациялық бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова, сондай-ақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, полиглот Шахриер Юлдашев болды.

Нариман Нұрпейісов өз сөзінде бұл күннің тарихи әрі құқықтық маңызына тоқталды.
«1987 жылдың 4 наурызында “Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы” қаулы қабылданғаны әлі де есте. Ал 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, заң жүзінде бекітілді. Кейін бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйекке ауыстырылды. Ол: “Тілінен айырылған халықтың өзі де жойылады” деген. Бүгінде “Заң мен тәртіп” қағидаты әрбір салада, соның ішінде тіл саясатында да басты бағдар болуға тиіс. Тілге деген құрмет – бұл мемлекетке, Ата заңға деген құрмет», – деді Нариман Нұрпейісов.

Ол жастарды өз тілін білуге ғана емес, өзге тілдерге де құрметпен қарауға, қоғамдағы тәртіп пен заң талаптарын берік ұстануға шақырды. Мамандардың пікірінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заманда бір ғана тілді білумен шектелуге болмайды. Бүгінде өскелең ұрпақ орыс, ағылшын, қытай, түрік, француз, неміс және басқа да тілдерді меңгеріп, әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндік алып отыр.
Кездесу барысында тіл білудің тарихи тамырына да назар аударылды. Шарада ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларынан бастап, одан да ертеректегі тарихи тұлғалардың Батыс және Шығыс тілдерін меңгергені, олардың заңдылық пен ағартушылық идеяларын қалай насихаттағаны туралы айтылды.

Іс-шараның интерактивті бөлімінде оқушылар «Тілдерді танисыз ба?» атты танымдық ойынға қатысып, түрлі тілдердегі сөздер мен амандасу үлгілерін ажырату арқылы білімдерін сынады.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың ана тілінің тарихын тереңірек түсінуіне, оны сақтаудың маңызын сезінуіне және бойында жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал етеді. Мемлекеттік тілді заңды мәртебесіне сай меңгерумен қатар өзге мәдениеттер мен тілдерді үйренуге ашық болу – өскелең ұрпақтың қоғамдағы этносаралық келісімді, заңдылық пен өзара құрмет құндылықтарын берік ұстануына кең жол ашады.

Автор: jsk.kz