• Чт. Окт 22nd, 2026

Шымкентте жастар экологиялық мәселелерді пікірсайыс алаңында талқылады

Автор:jsk.kz

Сен 2, 2026

Бүгінгі таңда экология мәселесі тек бір қаланың немесе елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың басты назарындағы өзекті тақырыпқа айналды. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны ластанудан сақтау және жасыл желекті көбейту ісіне әсіресе жас ұрпақ белсенді түрде атсалысып келеді. Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласының жастары да бұл игі бастамалардан шет қалмай, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған түрлі жобалар мен акцияларды ұйымдастырып жүр. Шымкенттегі М. Тынышпаев атындағы ALT көлік колледжінде экология тақырыбына арналған жастар пікірсайысы өтті. «Таза орта – таза болашақтың кепілі» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға колледждің 1-2 курс студенттері қатысты.

Теміржол саласының түрлі мамандықтарында білім алып жатқан жастар қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығы және экологиялық мәдениет мәселелерін ортаға салды. Пікірсайыс барысында студенттер өз ұстанымдарын дәлелдеп, мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынды.

Колледждің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Шолпан Сейдерованың айтуынша, экологиялық жауапкершілік күнделікті қарапайым әрекеттерден қалыптасады.

«Экологиялық тәрбие ең алдымен өзімізден басталады. Оқу орны мен жатақхана аумағын таза ұстау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, айналаға жанашырлықпен қарау – үлкен мәдениеттің негізі», – деді ол.

Колледж жастары тазалық пен абаттандыру жұмыстарына да белсенді қатысады. Еріктілер Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қаланың саябақтары мен скверлерін тазалауға тұрақты түрде шығады.

Ал пікірсайыс колледжде ай сайын өткізіліп келеді. Жастар экологиядан бөлек, отбасы құндылықтары, білім беру, қоғам және әлемдегі өзекті мәселелерді талқылап, өз көзқарастарын ортаға салады.

Екінші курс студенті Назерке Рахматулла пікірсайыстардың жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамауға үйрететінін атап өтті.

«Бұл жолы қаладағы экологиялық жағдай, өнеркәсіп орындарының қоршаған ортаға әсері және заңсыз қоқыс орындарының мәселесін талқыладық. Біз үшін маңыздысы – проблеманы айтып қана қоймай, оның шешімін іздеу. Осындай пікірталастар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді студент.

Пікірсайыстың негізгі тақырыбы – елдегі тазалыққа кім жауапты болуы керек деген сауал болды. Бір тарап экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастардың рөлі басым екенін алға тартса, екінші топ бұл жауапкершілікті тек жас буынға жүктеу дұрыс емес екенін айтты.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: jsk.kz