• Пн. Окт 12th, 2026

Шымкентте «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті

Автор:jsk.kz

Авг 28, 2026

«Халық заңгері» — бұл республикалық деңгейде өткізіліп жатқан ауқымды әлеуметтік акция. Оның басты мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрғындарға тегін білікті заң көмегін көрсету және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру — қоғамның басты міндеттерінің бірі. Көптеген азаматтар түрлі өмірлік қиындықтарға тап болғанда (алимент өндіру, жәрдемақы алу, еңбек даулары, мүліктік және жер мәселелері) білікті заңгерлік көмекке қол жеткізе алмай жатады. Осындай олқылықтың орнын толтырып жүрген еліміздегі ең ірі әлеуметтік бастамалардың бірі — «Халық заңгері» акциясы. Шымкентте тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. 28 тамызда қаланың Арбатында ұйымдастырылған шара барысында тұрғындарға түрлі құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес берілді. Қабылдауға қаладағы мемлекеттік органдардың басшылары мен мамандары, прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері, Заң консультанттары палатасының мүшелері, адвокаттар, нотариустар және жеке сот орындаушылары қатысты. Жалпы 30-ға жуық маман тұрғындардың өтініштерін қарап, заңнама талаптарын түсіндірді. Тұрғындар тарапынан жер қатынастарына қатысты мәселелерге, атап айтқанда, жер учаскелерін заңсыз иелену, алып қою және заңсыз құрылысқа байланысты сұрақтарға сұраныс жоғары болды. Сондай-ақ алимент өндіру, балалармен кездесу тәртібі, еңбек, тұрғын үй және азаматтық құқық салалары бойынша кеңестер берілді. Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу рәсімдері мен тендерлік құжаттаманы әзірлеуге қатысты мәселелер бойынша мамандардан түсініктеме алды. Акция тұрғындарға кәсіби заң көмегін қолжетімді етіп, құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алуға мүмкіндік берді. «Халық заңгері» акциясы тек қана кеңес беру алаңы емес, бұл — азаматтардың мемлекет пен құқықтық жүйеге деген сенөмін нығайтатын маңызды көпір. Құқықтық көмекке қол жеткізе алмаған әлеуметтік осал топтар үшін бұл шараның маңызы өте зор. Жалпы бұл бастама қоғамдағы құқықтық нигилизмді жоюға және әрбір қазақстандықтың өз құқығын қорғай алуына жол ашады. Шымкент қаласында өткен «Халық заңгері» акциясы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеруге, түйткілді мәселелердің оң шешімін табуға үлкен септігін тигізді. Мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті нығайта түспек.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: jsk.kz