• 27.08.2026 19:45

«Жан дауа»: сахна арқылы есірткі қылмысының алдын алу

Автор:jsk.kz

Авг 27, 2026

 

Шымкентте жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға арналған «Жан дауа» спектаклі қойылды. Қойылымда нашақорлықтың адам тағдырына әсері, жастарды есірткі айналымына тарту тәсілдері және заңсыз әрекеттің салдары көрсетілді.

Спектакльдің авторы – Болат Ұзақов, қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов. Шығарма арқылы жастарға интернет пен әлеуметтік желілерде «оңай табыс» ретінде ұсынылатын заңсыз әрекеттердің қауіптілігі түсіндірілді.

Шымкентте жыл басынан бері есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған 788 профилактикалық іс-шара өткізілді. Алты айда құқық қорғау органдары есірткіге қатысты 367 қылмысты, оның ішінде 60 есірткі өткізу фактісін анықтады.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, есірткі таратушылар жастарды интернет арқылы заңсыз әрекетке тартуға тырысады. Сондықтан профилактикалық жұмыстың негізгі міндеттерінің бірі – қауіпті ұсыныстарды дер кезінде танып, оның салдарын түсіндіру.

Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев театрдың профилактикадағы тиімділігін атап өтті. Оның пікірінше, көркем шығарма жастарға мәселені эмоция арқылы жеткізіп, дұрыс таңдау жасауға ықпал етеді.

«Жан дауа» спектаклі есірткі қылмысының алдын алуда дәстүрлі түсіндіру жұмыстарымен қатар шығармашылық тәсілдерді қолданудың бір үлгісі болды.

Автор: jsk.kz