• Пн. Окт 12th, 2026

Семей полигонының сарбаздарына құрмет көрсетілді

Автор:jsk.kz

Авг 26, 2026

 

Семей ядролық полигоны – Қазақстан тарихындағы ең ауыр әрі қайғылы беттердің бірі. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақ даласында жүргізілген ядролық сынақтар табиғатқа да, жергілікті халықтың денсаулығына да орасан зор зиян келтірді. Бұл трагедия – тек бір аймақтың емес, бүкіл адамзаттың ортақ сабағы.

Полигон жабылғанымен, оның зардаптарын жою процесі әлі де жалғасып келеді. Семей өңірін экологиялық сауықтыру, зардап шеккен халықты медициналық және әлеуметтік жағынан қолдау – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі.

Қазіргі таңда Қазақстан әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан, бейбітшілік пен қауіпсіздікті ту еткен көшбасшы мемлекет ретінде танымал. Семей полигонының тарихы – бұл трагедия мен қасіреттің ғана емес, елдің ауызбіршілігі мен бейбіт болашаққа деген мүлтіксіз ерік-жігерінің символы.

Семей полигонының жабылуы – халықтың жеңісі мен бейбітшілікке жасалған ұлы қадам. Бастан өткен қасіретті ұмытпау және келешек ұрпаққа ядролық қауіпсіз дүниені аманаттау – бүгінгі қоғамның басты паразы болып қала береді. Осы орайда  Шымкентте Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Жеңіс саябағындағы «Ерлік» музейінде тағылымды іс-шара өтті. Жиында полигонда әскери борышын өтеген ардагерлердің ерлігі дәріптеліп, ядролық сынақтардың тарихи зардаптары еске алынды.

Шара Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахимовтың ескерткішіне гүл қоюдан басталып, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Семей полигонындағы сынақтар кезінде қаза болған азаматтарды еске алуға бір минут үнсіздік жарияланды.

Іс-шара барысында ақын Ғалымжан Әлтековтің «Семей-сынақ сарбаздары» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. 2026 жылы жарық көрген еңбек полигонда әскери қызмет атқарған азаматтардың өмірі мен естеліктеріне арналған.

«Олардың ерлігі мен өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз», – дейді автор.

Жиында Семей полигоны ардагерлерінің қоғамдағы орны айтылып, бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді. Сондай-ақ №35748 әскери бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық шығармалар орындады.

Кездесуде тарихи жадыны сақтау, ардагерлердің ерлігін дәріптеу және жас ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндірудің маңызы атап өтілді.

Автор: jsk.kz