• 25.08.2026 17:43

Шымкенттік әлем чемпионын әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды

Автор:jsk.kz

Авг 25, 2026

Бакуде өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында Шымкент қаласының спортшылары 1 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар елге оралғанда оларды жерлестері Шымкент халықаралық әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды.

22–23 тамыз күндері Әзербайжан астанасы Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Әлемдік додаға 30-ға жуық мемлекеттен келген үздік балуандар қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде чемпиондық атақ сарапқа салынды.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен шымкенттік спортшылар да байрақты бәсекеде жоғары нәтиже көрсетті.

74 келі салмақта белдескен Жұмажан Қожамбеков алтын медаль иеленіп, әлем чемпионы атанды. Тәжірибелі балуан шешуші белдесулерде шеберлігін көрсетіп, тағы бір мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша, Жұмажан Қожамбеков қазақ күресінен әлем чемпионатында бесінші рет топ жарды.

Ал әйелдер арасында 70 келі салмақта сынға түскен Севара Нишанбаева күміс жүлдеге ие болды. Ол да жарыс барысында табандылық танытып, ел қоржынына бағалы медаль қосты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Шымкент халықаралық әуежайында спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар, ата-аналар мен жанкүйерлер күтіп алды.

Кездесу барысында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

«Бұл – тек спортшылардың ғана емес, олардың жаттықтырушары мен ата-аналарының, жанкүйерлерінің ортақ жеңісі. Шымкент спортшыларының халықаралық аренада осындай биіктен көрінуі – үлкен жетістік», – деді ол.

Өз кезегінде әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын айтып, алдағы ел чемпионатына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Спортшылар өздерін қолдап, жеңіске жігер берген жанкүйерлеріне алғыстарын білдірді.

Бүгінде тәжірибесі толысқан шымкенттік балуан қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі беделін көтеріп жүрген спортшылардың бірі. Алда оны жаңа жауапты бәсекелер күтіп тұр.

Шымкенттік балуандардың бұл жеңісі – өңірдегі қазақ күресінің дамуына берілген кезекті серпін. Жерлестерімізге алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!

Автор: jsk.kz