Қазақстан – әлемдік бокс аренасында өз орны мен салмағы бар держава болса, Шымкент қаласы – осы былғары қолғап шеберлерін баптап шығаратын негізгі ұстаханалардың бірі. Оңтүстік өңірдің бокс мектебі өзінің қайсар мінезімен, жоғары техникалық дайындығымен және жеңіске деген мүлтіксіз жігерімен танымал. Шымкент боксының тарихы – бұл ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық намыстың айқын көрінісі. Шымкент боксының жетістігі – тек спортшылардың шеберлігі ғана емес, сонымен бірге бапкерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Оңтүстіктегі білікті жаттықтырушылар жас дарындарды ерте жастан танып, оларды үлкен рингке баптаудың бірегей жүйесін қалыптастырды.
Қазіргі таңда мегаполисте боксты дамытуға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда Шымкент боксы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Жасөспірімдер мен жастар құрамасы республикалық біріншіліктерде көш бастап, ұлттық құраманың негізгі сүйегін құрауда.
Спорттық инфрақұрылымды жаңарту және мемлекеттік бағдарламалар аясында спорт секцияларын қаржыландыру жас боксшылардың әлемдік ареналарға шығуына кең жол ашып отыр. Шаршы алаңда шарболаттай шыныққан шымкенттік жастар алдағы Олимпиадалар мен Әлем чемпионаттарында еліміздің туын биікте желбіретуге дайын. Осы орайда Шымкент қаласында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан қаланың ашық чемпионаты өтуде. 24-29 тамыз аралығына жоспарланған дүбірлі додаға 200-ге жуық жас боксшы қатысып, өзара мықтыны анықтайды.
Жарыс барысында қатысушылар әр салмақ дәрежесінде бақ сынап, техникалық және тактикалық дайындығын көрсетеді. Атап айтқанда, 15 салмақ дәрежесі бойынша (42,44,46,48,50,52,54,57,60,63,66,70,75,80,+80 кило) жеңімпаз және жүлдегерлер анықталады.
Ашық чемпионаттың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында боксты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және үздіктерді анықтау.
Ашық чемпионат Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде ұйымдастырылған.
Мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, Шымкент қаласының бокс мектебін танытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
