• 10.08.2026 14:30

САРЫАҒАШТА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Автор:jsk.kz

Авг 10, 2026

Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны абаттандыру және елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Кезекті сенбілік барысында аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, елді мекендердің ішкі көшелері, қоғамдық орындар мен жаяу жүргіншілер жолдары тазартылды. Сонымен қатар арық-атыздар қоқыстан аршылып, жол жиектеріндегі шөптер шабылды. Ретсіз өскен бұталар ретке келтіріліп, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен белгіленген қоқыс полигондарына шығарылды.
Тазалық шаралары таңғы сағат 07:30-да аудан бойынша белгіленген аумақтардың барлығында бір уақытта ұйымдастырылды. Сенбілікке аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары мен жастар белсенді қатысты.
Арман Абдуллаев тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен барысын бақылауға алды. Жауапты бөлім басшыларына, қала және ауылдық округ әкімдеріне абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, тазалық талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ аудан басшысы қоршаған ортаның тазалығы әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы ретте тұрғындарды туған өлкенің көркеюіне үлес қосып, тазалықты сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырды.
Сарыағаш ауданында санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
#Таза_Қазақстан

Автор: jsk.kz