• 29.07.2026 19:15

Шымкентте «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқаулары өтті

Автор:jsk.kz

Июл 29, 2026

 

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға 120-дан астам жергілікті тауар өндіруші қатысты.
Мұндағы мақсат – Шымкенттің өндірістік әлеуетін таныстыру, отандық өнімді насихаттау және кәсіпкерлікті дамыту.

«Көрме» орталығында өткен іс-шараға «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал бастаған бизнес-делегация, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қатысып, фармацевтика, азық-түлік, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және өзге де салалардағы кәсіпорындар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

«Мұндай байқау-көрмелер еліміздің әр өңірінде өтеді. Оған қатысатын кәсіпкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Басты мақсаттардың бірі – жергілікті өнімдер мен өндіріс көлемін кеңейту, одан әрі дамыту. Сондықтан, өңірлердегі іскер азаматтардың, компаниялардың мүмкіндігін арттырып, жобасын кеңейту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын дәстүрлі түрде осындай байқаулар ұйымдастырып келеді. Биылғы көрмеден біз жергілікті қолөнершілер мен кәсіпкерлердің шеберлігі артып келе жатқанын байқап отырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа.

Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауына танымал кәсіпорындармен қатар, өндірісін енді бастаған отандық кәсіпкерлер де қатыса алады.

Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Renaissance shik», «Green Cross Eco» және «World Agro Trade» ЖШС жеңімпаз деп танылды.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында табиғи күтім косметикасының бренді «Zaura», Danico сауда белгісімен «Сабыр Ақбота» жеке кәсіпкерлері мен «Alliance Building» ЖШС, ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында Kemel dan тауар белгісімен «Әлімтаева», «Vanellie Franchising» және «Барака» жеке кәсіпкерлері озып шықты.

Байқау жеңімпаздары Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауында Шымкенттің атынан қатысады.
Сонымен қатар, жергілікті брендтерді дамытуға, өнім сапасын арттыруға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі ұйымдастырылды.

«Биылғы «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауының ерекшелігі – жыл сайын үш финалист болса, биыл 10 бірдей финалист болады. Оларды арнайы құрылған комиссия мүшелері осы көрмені аралау барысында өнімдерін бағалап, сұрақ-жауап алмасу арқылы анықтайды. Іріктеліп алған қатысушылардың арасынан Кәсіпкерлер палатасында өтетін бренд-комитеттің отырысында 10 финалист белгілі болады. Сол финалистер Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы мамандарының құжаттар рәсімдеу мен бизнес-жоспар әзірлеуде сүйемелдеуі мен қолдау көрсету арқылы 5 млн теңгелік грантқа үміткер ретінде құжат тапсыра алады. Айта кетейік, былтырғы үш финалист осындай сүйемелдеу арқылы үшеуі де 5 млн теңге грант алған болатын», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар отандық өндірісті дамытуға, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Автор: jsk.kz