• 14.07.2026 17:11

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бес жыл мерзімге сайланатын Құрылтай құрамына Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізіммен 145 депутат кіреді. Сайлау жалпыға бірдей, тең әрі төте сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Жасы 25-ке толған және елімізде соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан азаматтары депутаттыққа үміткер бола алады. Партиялық тізімдегі әйелдердің, жастардың және ерекше қажеттіліктері бар (мүгедектігі бар) жандардың жиынтық үлесі жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауы тиіс, ал үміткерлерді орналастыру ретін саяси партиялар өздері айқындайды.

Осынау маңызды саяси науқанды Сайрам ауданында жоғары деңгейде өткізу мақсатында дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда ауданымызда 142 094 азамат дауыс беру құқығына ие. Сайлау күні тұрғындар үшін 89 сайлау учаскесі кедергісіз қызмет көрсетеді. Олардың нақты құрамы, орналасқан мекенжайлары мен шекаралары «Мәртөбе» газетінде және жергілікті атқарушы органның ресми сайтында жарияланды. Өз учаскеңізді 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу арқылы, сондай-ақ облыс пен аудан әкімдігінің интернет-ресурстары және Telegram-бот мессенджері арқылы оңай табуға болады. Мұнымен қоса, сайлау күні 68 учаскеде онлайн қызмет жүйесі қосылып, учаскеге келген азаматтардың тіркелген мекенжайын жедел анықтауға, қажет болған жағдайда дәл сол жерде уақытша тіркеуге тұруға мүмкіндік береді.

Сіздерді еліміздің даму жолындағы жаңа белесті айқындайтын осы бір тарихи сәтке бейжай қарамай, конституциялық құқықтарыңызды пайдалануға және азаматтық жауапкершілік танытуға шақырамыз. Сайлаушылар тізімі тұрақты тіркелген мекенжайыңыз бойынша жасалады. Ал уақытша тіркелген азаматтар жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш білдіру арқылы, бұрынғы тұрақты тіркелген жерінен тізімнен шығарылып, уақытша мекенжайы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Әрбір азамат өзінің сайлау учаскесі мен тізімге енгенін алдын ала тексеруге құқылы. Егер тізімнен өзіңізді таппасаңыз, әкімдікке жүгініп, тиісті өтініш қалдыра аласыз.

Жазғы демалыс маусымын ескере отырып, өз елді мекеніңізден тыс жерде жүрсеңіз де дауыс беру мүмкіндігіңіз бар — ол үшін есептен шығару куәлігін алу жеткілікті. 2026 жылғы 7 тамыздан бастап өзіңіздің сайлау учаскеңізде сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеріп, қажет болған жағдайда өзгерістер мен нақтылаулар енгізу үшін учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне аласыз.

Құрметті Сайрам ауданының сайлаушылары! Баршаңызды осы Құрылтай сайлауында белсенділік танытып, маңызды таңдау жасауға шақырамыз! Әрбір дауыс — мемлекетіміздің жарқын болашағына қосылған үлкен үлес. Еліміздің ертеңі мен жаңаруы үшін бірге дауыс берейік!

Сайрам аудандық

аумақтық сайлау комиссиясының

төрағасы С. Реметов

Автор: jsk.kz