• 10.04.2026 21:13

Шымкентте «ShymSafe360» жобасын іске асыру мәселесі талқыланды⁣⁣

Автор:admin

Апр 10, 2026

 

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында прокуратура, Полиция департаменті, «Қазақтелеком» АҚ, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік нысандардағы бейнебақылау камераларын полицияның Жедел басқару орталығына қосу мүмкіндігін қарастыратын «ShymSafe360» жобасын іске асыру тетіктерін талқылау болды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кездесу барысында аталған жобаның негізгі бағыты – қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқиғаларға жедел әрекет ету тиімділігін арттыру екені атап өтілді. Сонымен қатар, бейнебақылау жүйесін интеграциялау бейнематериалдардың сақталуын қамтамасыз етіп, тәулік бойы жұмыс істейтін нысандардың қауіпсіздігін арттыруға және азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал ететіні айтылды.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Мамандардың пікірінше, камераларды Жедел басқару орталығына қосу қылмыстарды анықтау мен олардың жолын кесуде тиімді құрал болып табылады. Бұл әсіресе «соқыр аймақтарды» азайтып, қалалық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Кездесу барысында кәсіпкерлерге жүйенің техникалық мүмкіндіктері, қосылу тәртібі және цифрлық шешімдерді енгізудің артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жобаны кезең-кезеңімен іске асыру және бейнебақылау жүйесінің қамту аясын кеңейту бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Жалпы, «ShymSafe360» жобасы цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздік жүйесін күшейтуге бағытталған.

Автор: admin